Профессор Сәуле Өтеғалиеваның шеберлік сыныбы өтті
Жақында Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының мәжіліс залында «Музыкатану және композиция» кафедрасының профессоры, өнертану ғылымдарының докторы Сәуле Ысқаққызы Өтеғалиева «Қазіргі кезеңдегі музыка өнеріндегі магистрлік диссертация: орындау талаптары мен шарттары» тақырыбында шеберлік сыныбын өткізді. Оған музыкатанушылар, академиялық дәрежесі бар орындаушылық мамандықтардың оқытушылары, сондай-ақ консерватория магистранттары мен студенттері қатысты. Қатысушылар тақырыпқа кәсіби қызығушылық танытып, тың ақпараттарға қанық болды.
Жалпы консерватория өнертану ғылымдары мамандығы бойынша әр жыл сайын (орта есеппен 40-қа жуық) магистр дәрежесін береді. Десе де, магистрлік диссертацияларды қорғау бойынша біліктілік комиссиясы төрағаларының (П.Шегебаев, У.Жұмақова, З.Мұрадова) пікірінше, ғылыми зерттеулердің деңгейі ғылыми жұмысқа қойылатын талаптарға сәйкес келе бермейді. Аталмыш мәселе тұрғысында профессор Сәуле Ысқаққызы ғылыми-зерттеу жұмысының ғылыми аппаратының маңызды құрамдас бөліктерін, атап айтқанда, диссертация тақырыбының өзектілігін, оны шешудің мақсаты мен міндеттерін белгілеуді, зерттеу әдістері мен тәсілдерін т.б. жан-жақты талқылады. Оқытушы магистранттардың жұмысында шет тілдерін, шетелдік ғылыми әдебиеттерді білу мен қолдануына, сонымен қатар пайдаланылған әдебиеттер тізімін сауатты, мемлекеттік стандартқа сәйкес рәсімдеуге ерекше назар аударып, маңызды сәттерге тоқталып өтті.
Профессор С.Өтеғалиева ұсынған материал ғылыми жетекшілер арасында пікірталас тудырды, шеберлік сабақ барысында мәселенің ортақ көзқарасы мен оны шешу жолдары ұсынылды.
Ауқымды тақырыпты қамтып, қажетті ақпараттарды ұсынған шеберлік сабағы келешекте консерватория магистранттарының біліктілік жұмыстарының сапасына оң әсерін тигізері сөзсіз.