Әйгілі музыкант шеберлік сыныбын өткізді
Жақында Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының Еркеғали Рахмадиев атындағы Үлкен концерт залында Берлиннен келген қонақ, дирижер әрі пианист Маттиас Манази мырза шеберлік сыныбын өткізді. «Вокал, Дирижерлеу және Музыкалық білім беру» факультетінің оркестрлік-симфониялық дирижерлік мамандығының студенттері үшін белгілі өнер майталманымен өткен сабақ қызықтылығы жағынан да, мәні мен маңызы жағынан да көрнекті дүние болды.
Шеберлік сыныбына 1-курс студенті Үсенов Ғани, 2-курс студенті Шнаров Азамат, 4-курс студенті Бейсеков Әбілқайыр қатысты.
П.Чайковскийдің «Щелкунчик» балетінен «Адажио» және Е.Рахмадиевтің «Құдаша думан» симфониялық поэмасы қойылды.
Қадірлі қонақ елімізге Жамбыл атындағы Қазақ мемлекеттік филармониясы мемлекеттік симфониялық оркестрмен бірлесіп өткізілетін концертке қатысу үшін шақырылған болатын. Аталған музыкалық шарада солистер – Аида Аюпова мен Ермек Құрманаев Р. Вагнер, Р. Шуман, И. Брамс және А. Оренбургскийдің музыкаларын нақышына келтіре орындады. Бұдан кейін германиялық өнерпаз 20 сәуірде Нұр-Сұлтан қаласында жоспарланған концертке аттанғалы отыр.
Берлиндік қонақ, белгілі музыканттың шығармашылық сапарын ұйымдастырушы және қаржыландырушы Қазақстандағы Гете-Институтынан келген өкіл білім алушылардың шеберлік сыныбына қатысуы мен шара өтетін залдың ұйымдастырылуын қамтамасыз етіп, шеберлік сыныбының нәтижелі деңгейде өтуіне қолдау көрсеткені үшін консерватория Ректоры Арман Әділханұлы Жүдебаевқа өз ризашылықтарын білдіріп, институт басшылығының алғысын жеткізді.