Консерваторияға 80 жыл
Биыл еліміздің музыка өнері үшін маңызды оқиға - Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясы өзінің 80 жылдық мерейтойын атап өтеді. Оқу орнының мерейтойын скрипкашы Марат Бисенғалиев, баяншы Yves Moulin, опера әншісі Талғат Мұсабаевтар секілді бірқатар әлемдік деңгейдегі өнер майталмандары атап өтті.
Сегіз онжылдықтың ішінде консерватория Қазақстанды әлемге танытқан музыканттардың бірнеше буынын тәрбиелеген орталыққа айналды. Қара шаңырақ түлектерінің арасында Бибігүл Төлегенова, Әлібек Дінішев, Юрий Клушкин, Алан Бөрібаев, Байғали Серкебаев, Медет Шотабаев сияқты Қазақстанның халық әртістері, Еңбек сіңірген қайраткерлері мен дарынды музыканттар бар.
Консерватория баршаңызды қарашаның 25 мен 2 желтоқсан аралығында өтетін Мерейтойлық марафонға шақырады. Марафон аясында қайталанбас концерттер, шеберлік сыныптар мен кездесулер ұйымдастырылады. Әр күнді ұлы даламыздың терең тарихы мен музыка саласындағы жетістіктерін айшықтайтын оқиғалар толтырады. Бағдарламада — концерттер, халықаралық конференция, көрмелер және басқа да көптеген іс-шаралар. Қазақстанның жетекші музыканттары құнды тәжірибелерімен бөлісу үшін шеберлік сыныптары мен кездесулер өткізеді. Олардың арасында – Қазақстанның халық әртісі Айман Мұсаходжаева, Ресей скрипкашысы Назар Кожухарь, қазақтың дарынды дирижерлары Алан Бөрібаев пен Абзал Мухитдинов, ҚР еңбек сіңірген қайраткері Нұрлан Измайлов және т.б.
Мерейтойлық марафон желтоқсанның 3 күні Республика сарайында сағат 19:00 өтетін гала-концертпен аяқталады. Қазақстанның ең абыройлы сахнасында консерваторияның шығармашылық ұжымдары – оркестрлер, ансамбльдер, хор және солистер, сондай-ақ қонақ ретінде шақыртылған әртістер кездесетін болады. Кеш еліміздің музыка өнерінің дамуы үшін маңызды болып табылатын мәдени өрісі кең ұрпақтың бірлігі мен дәстүрлер сабақтастығын көрсететін мерейтойдың жарқын қорытындысы болады деп күтілуде.
Құрманғазы атындағы ҚҰК 80-жылдығына орай өтетін мастер-класс және концерттер марафонының бағдарламасы
Мерейтойлық марафон бағдарламасы
Халықаралық ғылыми-практикалық конференциясы «Жаһандық әлемнен кейінгі өнер: метадәстүрден метамәдениетке дейін»