Menu HELPDESK

«Домбыра бас аспабына арналған оқу құралы» кітабының тұсаукесері өтті

  

Бүгін 2021 жылдың 19 қазанында ҚР Ұлттық кітапхнасында Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының оқытушысы, Өнертану ғылымдарының магистрі Әсет Жұмабаевтың «Домбыра бас аспабына арналған оқу құралы» кітабының тұсаукесері өтті. Іс-шараға кәсіби өнертанушы мамандар, дирижерлер, домбыра бас аспабында орындаушылар, ұстаздар қатысты. Жиынның модераторы ҚР еңбек сіңірген қайраткері Амантай Берғалиев болды.

Шара аталмыш оқу құралының жарық көруіне мұрындық болған Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының ректоры, ҚР еңбек сіңірген қайраткері  Жүдебаев Арман Әділханұлының алғы сөзімен ашылды. Кітаптың тұсаукесер рәсімін көптеген жылдар Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық оркестрі мен Н,Тілендиев атындағы «Отырар сазы» оркестрлерінде еңбек атқарған Өтепберген Хамзаұлы, Амантай Нұрпейісов сынды ардагер ағаларымыз және Арман Әділханұлы жасады.

Оқу құралының тұсаукесеріне Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігіне қарасты Алматы қаласындағы өнер ұжымдары мен кәсіби музыкалық оқу орындарының басшылықтары, ұстаздары және аспапта орындаушылар қатысып, жазылған еңбекке өз бағаларын беріп, ізгі тілектерін білдірді.

Домбыра бас аспабы 85 жылдық тарихында алғаш рет оқу құралы ретінде жүйеленіп, жарияланып отыр. Оқу құралында - аспаптың шығу тарихы, шеберлердің аспапты жасауы, алғашқы негізін қалаушылар, алғашқы орындаушылар және осы күнге жеткізушілер туралы зерттеу нәтижелері жүйеленіп берілген. Домбыра бас аспабын - 1935 жылы академик Ахмет Жұбанов Құрманғазы атындағы халық аспаптар оркестріне енгізді. Аспап домбыра тобына жатады. 1950 жылдан бастап аспап Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясында жеке мамандық ретінде оқу үрдісіне енгізілді. Іс-шара мақсаты - домбыра бас аспабын насихаттау, тарихын зерделеу, болашақ ұрпаққа жеткізу. Ұлт аспаптары оркестріндегі домбыра аспабының міндетін айқындау.










Альбомдарға оралу