Күйші-ұстаз Қуаныш Жұмағалидің шығармашылық кеші өтті
28 ақпан 2020
2020 жылдың 27-ақпанында Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының Үлкен концерт залында «Домбыра» кафедрасының доценті, ҚР Мәдениет саласының үздігі, күйші, композитор Қуаныш Жұмағалидің Абай Құнанбайұлының 175 жылдығына арналған «Ғасырлар үні» атты шығармашылық кеші өтті.
Концертте ҚР еңбек сіңірген қайраткерлері Айгүл Қосанова мен Еркін Шүкіман, ҚР мәдениет саласының үздігі Мұса Керімбаев, Халықаралық және Республикалық конкурстардың жүлдегері, консерваториямыздың аға оқытушысы Баян Игілік, «Құлансаз» фольклорлы-этнографиялық ансамблі, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлтық консерваториясының студенттік халық аспаптар оркестрі және кешке Көкшетау қаласынан арнайы келген Халықаралық «Шабыт», Республикалық «Көне Тараз» сайыстарының жүлдегері, Үкілі Ыбырай атындағы Ақмола облыстық филармониясының фольклорлы-этнографиялық «Айнакөл» ансамблі өнер көрсетті.
Сондай-ақ концерт барысында №35 бала-бақшаның кішкентай бүлдіршіні, Қуаныш Жұмағалидің ұлы Ізім Димаш Хәкім Абайдың «Ғылым таппай мақтанба» өлеңін оқып, жиналған көпшіліктің ыстық ықыласына бөленді.
Біз Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының ұжымы атынан Қуаныш Ізімұлына зор денсаулық, шығармашылық табыс тілеп, тыңдармандарыңызды жаңа туындылармен қуанта беріңіз дегіміз келеді.
Қабылдау 2024