Фэйсбук желісіндегі #ÓNERONLINE жобасын көпшілік жылы қабылдауда
ҚР Мәдениет және спорт министрлігіне қарасты Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының ұстаздары төтенше жағдай кезінде үйден шықпай онлайн концерт, шеберлік дәрістерін беруді бастаған болатын. Аталмыш шараларды сіздер де #óneronline хэштегі арқылы Facebook желісіндегі өнерпаздардың парақшаларынан және Мәдениет және спорт министрлігі ашқан (ONLINEda bol) парақшадан көре аласыздар.
Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының аға оқытушысы Мақсат Медеубек 25 наурызда «Қобыз – Қорқыттан қалған аңыз» , 26 наурызда Бауыржан Бекмұханбет «Жетісудың оңтүстік шығысындағы күйшілік дәстүрі» атты лекция-концерттерін берді. 27 наурызда «Халық музыкасы» факультетінің деканы, PhD докторы Ержан Жәмеңкеевтің «Қазақтың домбырадағы әзіл күйлері» тақырыбындағы дәрісі өтсе, бүгін 28 наурыз «Домбыра» кафедрасының аға оқытушысы, өнертану ғылымдарының магистрі Нұргүл Жақыпбектің «Жетіген аспабының тарихы және дамытылу жолдары» атты дәрісі эфирге шықты.
Айта кетейік, онлайн концерттер, шеберлік сыныптар және дәрістер елімізде төтенше жағдай аяқталғанша жалғасын таппақ. Шаралардың өту уақытын және қосымша ақпаратты Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының сайты және әлеуметтік желілердегі парақшаларынан біле аласыздар.
Бізбен #бірге болыңыздар.✅