Menu HELPDESK

Консерваторияда «Адалдық алаңы» жобалық кеңсесінің өкілімен кездесу өтті


Бүгін Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясында Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігі «Адалдық алаңы» жобалық кеңсесінің өкілі Айгүл Әбдіғаппарқызы Сақтағановамен кездесу өтті. Жиынға консерватория ректоры Арман Әділханұлы Жүдебаев бастаған проректорлар, факультет декандары, кафедра меңгерушілері және бірқатар бөлім басшылары қатысты.

Айгүл Әбдіғаппарқызы Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігі «Адалдық алаңы» жобалық кеңсесі мен Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі бірлесіп атқарып отырған Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2021-жылғы 24-тамыздағы №576 қаулысымен бекітілген Қазақстан Республикасының 2015-2025 жылдарға арналған сыбайлас жемқорлыққа қарсы стратегиясын іске асыру жөніндегі 2021-2023 жылдарға арналған іс-шаралар жоспарының 22 тармағына қатысты жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарында академиялық адалдық принциптерін енгізу бойынша жасалып жатқан жұмыстармен және осы құжаттың 23-тармағында көрсетілген «Таза сессия» акциясына қатысты жұмыстарды орындау мәселелері жөнінде сөз қозғап, қатысушылармен пікір алмасты. Консерватория ректоры Арман Әділханұлы қонаққа оқу орнындағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылдар бойынша атқарылып жатқан нақты іс-шаралармен таныстырып, өз ойларын ортаға салды. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі Қоғамдық кеңесінің төрағасы Олексенко Игорь Владимирович өзі басқарып отырған кеңестің жұмыстары жөнінде хабар берді. Консерватория басшылығы «Таза сессия» акциясын жүзеге асыру жөніндегі ұсыныс-пікірлерін білдіріп, жуық арада нақты жоспарын бекітетінін айтты. Айгүл Әбдіғаппарқызы өнер-білім ордасынан адалдық пен ашықтық атмосферасын сезінгенін айтып, консерватория ұжымы көрсеткен ыстық ықыласқа өз разылығын білдірді.







Альбомдарға оралу