Ардақты ұстаз Зере Шәкерімқызы дүниеден озды
5 сәуір 2020
Бар ғұмырын ұстаздық жолына арнаған Зере Шәкерімқызы Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясында 40 жылдан аса қызмет атқарды. Осы жылдар аралығында білім ордасының дамуына, болашақ музыка мамандарының педагогикалық дайындығын шыңдау ісіне бар білімі мен тәжірибесін, күш-жігерін аямай еңбек сіңірді. Ол 20 жылдай уақыт бұрын консерватория қабырғасында «Педагогика және психология» кафедрасының ашылуына да мұрындық болған еді. Бүгінге дейін Зере Шәкерімқызы «Музыкалық білім берудегі педагогика және психология» секциясына жетекшілік етіп келді. Талай педагог-музыканттардың буынын тәрбиелеген білікті ұстаздың қалыптастырып кеткен тәжірибесі консерваторияның бұл бағыттағы жұмыстарына арқау болып қала бермек.
Зере Шәкерімқызы еліміздегі музыкалық білім беру ісіне қосқан үлесі үшін талай құрметті атақтардың иесі атанды. Олар: «ҚР білім беру ісінің құрметті қызметкері», «Мәдениет саласының үздігі» төсбелгісі, ҚР Білім және ғылым министрлігінің «Құрмет» грамотасы, Қазақстанның ЖОО қауымдастығының А.Байтұрсынов атындағы күміс медалі және «Үздік педагог» атағы.
Марқұмның отбасы мен туған-туыстарының қайғыларына ортақтасып, көңіл айтамыз. Жатқан жері жайлы, жаны жәннатта болсын!
Құрманғазы атындағы
Қазақ ұлттық консерваториясының ұжымы
Қабылдау 2024