Menu HELPDESK

Министр музыкатанушы ғалым Ю.П.Аравинді мерейлі 80 жасымен құттықтады!



Бүгін ҚР Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Рахметоллақызы Райымқұлова мен Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының ректоры Арман Жүдебаев ҚР еңбек сіңірген өнер қайраткері, музыкатанушы, ардагер ұстаз Юрий Петрович Аравинді  мерейлі 80 жасымен құттықтады. Юрий Петровичтің отбасы арнайы құттықтай келген сыйлы қонақтардың ерекше ықыластарына риза болып, алғыстарын білдірді. 

Юрий Аравин 1941 жылы 2 сәуірде Ресейдің Тверь қаласында дүниеге келген. 1968 жылы Новосибирскідегі консерваторияның тарихи-теория факультетін, 1972 жылы Құрманғазы атындағы Алматы мемлекеттік консерваториясының аспирантурасын бітірген. Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық институтында, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясында көп жылдар ұстаздық етті. Қазақ музыкатанушысы, музыка педагогы, профессор. Қазақстанның еңбек сіңірген өнер қайраткері, «Парасат» орденінің иегері. ҚР Композиторлар одағының мүшесі, ҚР Музыка қайраткерлері одағының мүшесі.

Сондай-ақ, Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың жарлығы бойынша жақында ұлттық мәдениетті және музыка өнерін насихаттау мен дамытуға қосқан ерекше еңбегі үшін Ю.П. Аравин «Отан» орденімен марапатталған еді. Юрий Петрович «Музей звуков», «Малая антология казахской музыки» сынды көптеген телебағдарламалар арқылы көрермен көзайымына айналған болатын.

Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясында көптеген жыл ұстаздық еткен музыкатанушыны қазақ музыкалық фольклорының білгірі ретінде әріптестері де жоғары бағалайды.

Консерватория ұжымы Юрий Петровичті 80 жас мерейтойымен құттықтап, зор денсаулық, ұзақ ғұмыр, қажымас қайрат тілейді!

 







Альбомдарға оралу