Menu HELPDESK

Министрдің кезекті есеп беру кездесуі өтті

Бүгін Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Рахметоллақызының халық алдындағы кезекті есеп беру кездесуі өтті. Министрліктің Youtube арнасында тікелей эфирде өткен кездесуді консерватория басшылығы тыңдап, өзара пікірлерімен бөлісті.



Министріміз өткен жылғы және 2021 жылдың бірінші тоқсанындағы негізгі жетістіктер туралы айтып, сондай-ақ алға қойылған міндеттерді де тілге тиек етті. Министрліктің барлық қызметі Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлының Жолдауларына, Тұңғыш Президентіміз, Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың «Рухани жаңғыру» және «Ұлы даланың жеті қыры» бағдарламаларына, Nur Otan партиясының сайлауалды тұғырнамасына, стратегиялық және бағдарламалық құжаттарына негізделген. Еліміздің биылғы ең басты ұлттық мерекесі – Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығы. Министрлік ұлттық мәдениетті ілгерілетуге және дәстүрлерді жаңғыртуға, салауатты өмір салтын насихаттауға, бұқаралық спортты, оның ішінде ұлттық спорт түрлерін дамытуға, сондай-ақ елдің туристік тартымдылығын арттыруға бағытталған әрбір жоспарлы шараның уақытылы және сапалы өткізілуін қамтамасыз етеді.

Ақтоты Рахметоллақызы: «Мемлекет басшысының «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» мақаласында берілген тапсырмасы аясында Наурызды мерекелеуге жаңа форматтағы тұжырымдамалық тәсілдер әзірленді. Республиканың барлық өңірлерінде «Әз Наурыз – ұлттық сананың, ұлттық бірліктің жарқын көрінісі» ұранымен 8 мыңнан астам іс-шара өткізілді. Наурыз мейрамын мерекелеудің үздік дәстүрлерін жаңғырта отырып, балалар үйінің, аз қамтылған және көп балалы отбасылардың балаларына арналған «#Келкөрісейік» қайырымдылық жобалары, этномәдени қойылымдар, ұлттық музыкалық аспаптар фестивалі, ұлттық тағамдар жәрмеңкесі, өлкетану экскурсиялары, бірқатар өңірлерде ағаш отырғызу және т. б. шаралар өткізілді.
2020 жылы Ұлы Абай Құнанбайұлының 175 жылдығы, Әл-Фарабидің 1150 жылдығы және Алтын Орданың («Ұлық ұлыс») 750 жылдығы өткізілді. Жамбыл Жабаевтың 175-жылдық мерейтойына бастау берілді. Сонымен қатар Қазақстанның Халық Қаһарманы Еркеғали Рахмадиевтің 90 жылдығын, белгілі қоғам қайраткері Олжас Сүлейменовтің 85 жылдығын, КСРО-ның Халық әртісі Әлібек Дінішевтің 70 жылдығын, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері Батырхан Шүкеновтің 60 жылдығын ұйымдастыру мен өткізу жоспарлануда», - деп алдағы жоспарларына да тоқталып өтті.
Ұйымдастырылып жатқан барлық іс-шаралар өңірлердегі эпидемиологиялық жағдайларды ескеріп, санитарлық-дезинфекциялық режимді сақтай отырып өткізілген.
Министрлік пен ведомство басшылығының жұмыстарына сәттілік тілейміз!













Альбомдарға оралу