Menu HELPDESK

Қобызшы Роза Құспанқызының 85 жылдық мерейтойы құтты болсын!

Роза Құспанқызы 1936 жылы 20 мамырда Орал облысы, бұрынғы Фурманов (қазіргі Жалпақ тал) ауданына қарасты Қарасу ауылында дүниеге келген.
Р. Құспанқызы – елімізге белгілі қобызшы.

Фото 3.jpg

1960 жылы Құрманғазы атындағы Қазақ Ұлттық консерваториясының «Ұлт аспаптар» бөлімін қобыз мамандығы бойынша тәмамдаған.
1960-1966 жылдар аралығында «Қазақконцертте» жұмыс істесе, 1966 жылдан 1975 жылға дейін консерваторияның жанында Халық Қазынасы ән-күй мұрасын жиыстыру кабинетінде мәнді де жемісті қызмет жасаған. 1960-1980 жылдар аралығында Лұқановтар ансамблінің мүшелігінде болған. Сондай-ақ, 1975 жылы Алматы қаласында орналасқан С.Прокофьев атындағы №3-музыка мектебінде алғаш қобыз сыныбын ашып, 41 жыл осы өнер шаңырағында еңбек атқарған. Қазіргі уақытта ол ұлағатты ұстаз әрі зейнеткер. Жарты ғасыр Қазақ өнеріндегі еңбек жолында жастарды білімділікке, шынайы сезімталдыққа, адамгершілікке тәрбиелеп, өзін «Ұстаз» деген ұлағатты есімге лайықты көрсеткен.
Роза Құспанқызы – «Ықыластың қобызы», «Өмірім мен өнерім», «Ғасыр үні – қобыз», «Қобызға арналған хрестоматия», «Сағыныш» (жеке дауысқа арналған әндер) атты кітаптардың авторы.
Ол 1985 жылы «Еңбек ардагері», 1991 жылы «Қазақ ССР халық ағарту ісінің үздігі», 2006 жылы «ҚР Мәдениет қайраткері», 2013 жылы Қазақ өнері мен мәдениетіне сіңірген зор еңбегі үшін және жастар тәрбиесіндегі тәлімгерлігі ерекше «Тұлға» орденімен марапатталған. Сонымен қатар 2016 жылы 80 жасқа толуына байланысты «Ыбырай Алтынсарин» атындағы төсбелгіге ие болған.
Қанмен біткен қасиет жоғалмайды дегендей, Роза Құспанқызы өзінің табиғат берген дарыны және туа біткен сазгерлік қабілетімен  бірнеше туындыны жарыққа шығарған. Атап айтқанда оның «Қалқам», «Жазғы кеште», «Ақ жайық», «Қарындас», «Қыз сағынышы» атты әуезді әндері бар.
Қорқыт бабамыздан бастап Ықылас Дүкенов шығармашылығы арқылы бүгінге жеткен қобыз өнерін құрметтеп, насихаттаушылардың бірі ретінде Роза Құспанқызы қаншама шәкірт тәрбиеліп шығарған. Олар бүгінде өнер саласында жемісті қызмет атқарып келеді.
Ата-бабамызға мирас болған қобызды өмірлік азығына айналдырған Роза Құспанқызы соңынан ерген өнерпаздарға керемет үлгі-өнеге.
Консерватория ұжымы өнер иесін 85 жылдық мерейтойымен шын жүректен құттықтап, мызғымас сабырлық, қайтпас жігер, жайдары көңіл, ұзақ өмір тілейміз! Өміріңіз мәнді, шаңырағыңыз сәнді болсын! Дастарханыңыздан дәм-тұз үзілмей, барыңыз берекеге, берекеңіз мерекеге ұлассын! Төл мейрамыңызбен тағы да құттықтап, алдағы күндерде де абыройыңыздың арта беруіне тілектеспіз!
Альбомдарға оралу