Menu HELPDESK

Тасбергенова Гаухар Қошқарбекқызы

Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының ректоры


 


Тасбергенова Гаухар Қошқарбекқызы 1980 жылы Алматы қаласында мәдени және музыкалық дәстүрлерге бай шығармашылық отбасында дүниеге келген. Ол көрнекті виртуоз күйші, домбырашы, композитор, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген әртісі Қошқарбек Тасбергеновтың қызы.


1987 жылы Гаухар К.Байсейітова атындағы дарынды балаларға арналған республикалық арнайы орта музыка мектебіне түсіп, оны үздік аяқтайды. Өз білімін Қазақ Ұлттық музыка академиясында «фортепиано» сыныбында жалғастырды. Гаухар - аталған мекеменің алғашқы түлектерінің бірі. 2002-2004 жылдары Гаухар Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясында «фортепиано» мамандығы бойынша ассистентура-тағылымдамадан өтеді. 2009 жылы Гаухар «Арт-менеджмент» мамандығы бойынша магистр дәрежесін алды. 2021 жылы «Арт-менеджмент» мамандығы бойынша Қазақстандағы алғашқы PhD докторлық дәрежесін қорғады.


Гаухар Тасбергенова 1998 жылы ҚазҰМА-ның студенті бола жүріп концертмейстер ретінде еңбек жолын бастаған. Гаухар Қазақстанда көп жылдан бері жобалық менеджментті дамытумен айналысып келеді. Ол ҚР СТ ISO жобалық басқарудың ұлттық стандарты бойынша жоғары біліктілігін растаған «Жаттықтырушы - кеңесші».


2013-2017 жылдар аралығында Францияның Қазақстандағы Елшілігінің қатысуымен «Париж-Астана: Дебюссиден Жұбановаға дейін» халықаралық концерттік жобасының жетекшісі және қатысушысы, А.Жұбанов, Л.Хамидидің «Абай» (қоюшы-режиссері Джанкарло дель Монако), Е.Брусиловский «Қыз Жібек» (қоюшы режиссер Михаил Панджавидзе) және т.б опералық спектакльдерін қоюдағы бас пианист-концертмейстері болды.


2017-2019 жылдар аралығында «Рухани жаңғыру» бағдарламасының Орталық жобалық кеңсесінде мәдениет саласының өкілі болып, Бас менеджер ретінде ірі жобалар мен мәдени бағыттағы іс-шараларды іске асыруға белсене қатысты.


2019-2024 жылдар кезеңінде мәдениет саласындағы көптеген жобаларды әзірлеуші және іске асырушы, оның ішінде: 1-11 сынып оқушылары үшін бейне-сабақтарды қамтитын madeni-m.kz порталындағы «Ұлағатты ұрпақ», Франция, Армения, Беларусь, Польша мәдениет және өнер саласындағы жетекші сарапшылардың қатысуымен «Қазіргі заманғы қазақстандық мәдениетті жаһандық әлемге ілгерілету» бірінші халықаралық ғылыми-практикалық конференциясының авторы және жетекшісі; балаларға арналған «Жас өрен» атты жаңа әндер мен поэзия шығару жөніндегі бірінші республикалық конкурстың ұйымдастырушысы болды. Гаухар Тасбергенова Сыртқы істер министрлігінің дипломатиялық корпусы үшін Мәдениет және ақпарат министрлігі ұйымдастырған - «Наурыз бал» жобасының бас продюсері, Цифрлық үкіметті қолдау орталығында Мониторинг және жобаларды басқару орталығының үйлестірушісі болып жұмыс істеді. Сонымен қатар ол мәдениет және өнер саласындағы мемлекеттік бағдарламаларды басқару және іске асыру мониторингі бойынша жұмыс жүргізді.


Гаухар Тасбергенова - көптеген халықаралық конкурстардың атап айтсақ, Ресей Федерациясы, Қазан қаласында өткен Р. Яхин атындағы IV Халықаралық камералық әншілер мен концертмейстерлер конкурсының II дәрежелі лауреаты, Ресей Федерациясы, Мәскеу қаласында өткен М.Глинка атындағы XXIII Халықаралық вокалистер конкурсында вокалист М.Чотабаевпен 1 сыйлықтың жеңімпаздары атанған. 


2023 жылғы маусымда «Қазақстанда және шетелде мәдениетті дамыту мен ілгерілетуді басқару» авторлық монографиясын шығарды, сондай-ақ ол 11 ғылыми жарияланымның, оның ішінде Scopus, Q1 базасында индекстелетін ең жоғары квартильдің авторы болып табылады.


Сондай-ақ, бүгінгі таңда Тасбергенова Гаухар Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның мүшесі болып табылады.


Қабылдау бөлмесі: +7 (727) 261 76 40