Menu HELPDESK

Венгр тубашысының Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясында өткізген шеберлік сағаттары мен концерті


2025 жылдың 15 мамыр күні Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясында (Алматы қ.) туба аспабында ойнайтын дарынды музыкант, Венгрияның Күміс крест орденінің иегері және халықаралық байқаулардың жеңімпазы Золан Ласло Ковачтың қатысуымен екі музыкалық іс-шара өтті.

Дәл осы күні өткен туба аспабында орындау бойынша шеберлік сағатында Золан Ковач студенттер мен оқытушылармен өзінің бірегей орындаушылық техникасы және педагогикалық тәжірибесімен бөлісті. Шеберлік сағаттың концертмейстері – Рината Нұржанова (фортепиано).

Сондай-ақ 15 мамыр күні А. Жұбанов атындағы Кіші залда өткен концертте Золан Ковачпен бірге ҚР еңбек сіңірген қайраткері, профессор Жанат Ерманов жетекшілік ететін Мемлекеттік ағаш үрмелі аспаптар квинтеті, республикалық және халықаралық байқаулардың дипломанты Сапаралы Оразымбетов (туба) және халықаралық байқаудың лауреаты Баян Болжыровалар Батыс Еуропа және венгр классиктерінің шығармаларын орындады.

Кеш барысында көрермендер Дон Хаддад, Балнұр Қыдырбек, Фаркаш Ференц, Иоганн Себастьян Бах және басқа да танымал композиторлардың шығармаларын ыстық ықыласпен қабылдады.

Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясы Венгрияның Алматы қаласындағы Бас консулдығына және Бас консулдың орынбасары Петер Имре Шиклош мырзаға осы іс-шараларды ұйымдастыруға қолдау көрсеткені үшін алғысы шексіз.

  

 

 

 

Альбомдарға оралу