Menu HELPDESK

«Қазақстан» РТРК АҚ өз қорында сақталған жәдігерлерді сыйға тартты



Бүгін «Қазақстан» РТРК АҚ Алматы қаласындағы филиалы өз қорында сақталған партитуралардың бір бөлігін Ықылас атындағы Ұлттық музыкалық аспаптар мұражайына және Алматы қаласындағы мұражайлар бірлестігіне экспонат ретінде, ал Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясына кітап болып басылып шыққан классикалық музыка шығармаларының жинақтары мен партитуралардың және бір бөлігін сыйға тартты.


Жәдігерлерді қабылдау үшін консерватория тарапынан «Халық музыкасы» факультетінің деканы Тоқжанов Төлепберген Төрахметұлы, «Музыкатану, Арт-менеджмент, әлеуметтік және гуманитарлық пәндер» факультетінің деканы Мұсағұлова Гүлмира Жақсыбекқызы және «Ғылыми-ақпараттық кітапхана қызметінің» басшысы Байғонысова Ғалия Уалханқызы арнайы ұйымдастырылған жиынға қатысып қайтты.


1959 жылы ҚазКСР теледидары және радио комитетінің ішінен қазақ эстрада оркестрі құрылады, 1972 жылдан бастап ұжымның атауы қазақ эстрада-симфониялық оркестрі болып өзгереді. Оның әнші-солистері С.Әбусейітова, Е.Хасанғалиев, Л.Кесогул, В.Кармысова, З.Қойшыбаева, Р.Мұсабаев, Л.Төлешова және тағы басқалары болатын. Олар қазақ халқының тарихында аты өшпестей болып жазылған белгілі композиторларымыздың ансамбльдерге, эстрада әншілеріне арнап жазған шығармаларын орындады.


Ал 1964 жылы камералық оркестр құрылады. Олар шетел композиторларының классикалық шығармалары мен қазақ композиторларының туындыларын орындады. Оркестр ҚазКСР-ның ғана емес одақтас республикалардың композитор, әнші, аспапта орындаушыларымен бірлесіп жұмыс істеді. Осы оркестр 40 жылдай қазақ телевизиясы мен радиосында қызмет етті. Сан-алуан музыкалық шығармаларды орындап «Алтын қорымызды» байытты.


Ұжымдар тарап кетсе де композиторларымыздың асыл мұрасына айналған шығармалардың өңделген, оркестрлерге лайықтап жазылған партитуралары, XVIII ғасырда өмір сүрген шетел композиторларының XIX ғасырдың соңы мен XX ғасырдың басында кітап болып басылып шыққан классикалық шығармалары «Алтын қорда» сақталып келді.


Сол жәдігерлер ендігі жерде Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының кітапханасында сақталып, консерватория ұстаздары мен білім алушыларының және ізденуші ғалымдардың қажетіне жарап, игілігіне айналмақ.



















Альбомдарға оралу