«Қазіргі замандағы дәстүрлі ән және жыр өнері: теория және практика» Халықаралық ғылыми-практикалық конференциясы өтті
2023 жылдың 12 желтоқсанында Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясында «Халық музыкасы» факультеті «Халық әні» кафедрасының ұйымдастыруымен Ақан сері Қорамсаұлының 180 жылдығына арналған «Қазіргі замандағы дәстүрлі ән және жыр өнері: теория және практика» Халықаралық ғылыми-практикалық конференциясы мен "Жігіттің падишасы" Халықаралық дәстүрлі музыка кеші болып өтті.
Конференция шымылдығын ҚР еңбек сіңірген қайраткері, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының ректоры міндетін атқарушы Нұркен Нұрғалиұлы Аширов құттықтау сөзбен ашты. Келесі сөз кезегін алған өнертану ғылымдарының кандидаты, Ғылыми-шығармашылық және халықаралық ынтымақтастық жұмыстар жөніндегі проректор Ғалия Зайнақұлқызы Бегембетова мен PhD докторы, «Халық әні» кафедрасының меңгерушісі Күзеубай Аманкелді Ұзақбайұлы Ақан Сері Қорамсаұлының шығармашылығына тоқтала келе, конференцияға қатысушыларға сәттілік тіледі.
Конференция ұйымдастырушылары ауқымды шара аясында пленарлық отырыс, секциялардағы жұмыстар мен тақырыптық мәжілістер өткізе отырып, ән және жыршылық өнердің орындаушылық үлгісі мен қазіргі жағдайын және шығармашылық жоғары оқу орындарының білім берудегі өзекті мәселелері мен отандық және шетелдік ғалымдардың ғылыми ізденістерінің нәтижелерін талқылап, сондай-ақ ән-жыр өнерін жан-жақты насихаттау үшін нақты шешімдерді іздестіру жолын кеңінен қамтыды.
Ақан сері Қорамсаұлының 180 жылдығына арналған келелі жиын аралас форматта өткізілгендіктен қашықтықтан онлайн байланыс арқылы өзге мемлекеттерден де қонақтар қатысып, өз баяндамаларын оқып, ой-пікірлерімен де бөлісті.
Атап айтсақ, шараға арнайы шақырылған алыс-жақын шетелдік дәстүрлі музыка өкілдері - өнертану ғылымдарының докторы, Өзбек мемлекеттік консерваториясының профессоры Абдуллаев Рустамбек (Өзбекстан, Ташкент), тарих ғылымдарының докторы, А.Дониша атындағы Тәжікстан Ұлттық ғылым академиясының тарих, археология және этнография институтының бас ғылыми қызметкері Кабилова Бахринисо (Тәжікстан, Душанбе), өнертану ғылымдарының докторы Аманова Роза (Қырғызстан, Бішкек), Хакасия Республикасының еңбек сіңірген өнер қайраткері Чебодаев Олег (Хакасия, Абакан), өнертану бағыты бойынша философия докторы, Әзірбайжан Республикасының Мәдениет министрлігіне қарасты ғылыми-әдістемелік мамандандырылған орталықты жоспарлау және дамыту бөлімінің меңгерушісі Гумбатов Вугар (Әзірбайжан, Баку қаласы), PhD докторы, Өзбекстан Республикасы Ғылым Академиясының Өнертану институтының докторанты, ғылыми қызметкері Каромат Дилором (Өзбекстан, Ташкент), И.Арабаев атындағы Қырғыз мемлекеттік университетінің педагогика кафедрасынын аспиранты Батиров Азизбек (Қырғызстан, Бішкек), өнертану бойынша философия докторы, Уз.Гаджибейли атындағы Баку музыкалық академиясының доценті Бабаева Минаханум (Әзірбайжан, Баку) конференция тақырыбына орай ән және жыр өнерінің тарихы, стильдері, бағыттары мен тұлғалар жайында дайындаған баяндамаларын көпшілік назарына ұсынды.
Конференцияның келесі кезеңінде Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясы, Қазақ ұлттық Өнер университетінің, Астана халықаралық университетінің, Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының оқытушылары мен магистранттарының ән мен жыр өнеріндегі орындаушылық өнер, оны зерттеудің теориясы, білім берудің әдісі, дәстүрлер мен жаңашылдықтар турасындағы баяндамалары тыңдалды.
Сонымен қатар, конференция шеңберінде музыкалық білім беру процесінде дәстүрлі оқыту әдістері мен әдістемелерін көрсету мақсатында алыс-жақын шетелдік дәстүрлі музыка өкілдері мен өнер-білім ордасының оқытушылары шеберлік сыныптарын өткізді.
Бір күнге созылған Халықаралық ғылыми-практикалық жиынның шымылдығы консерваторияның Е.Рахмадиев атындағы Үлкен концерт залында өткен "Жігіттің падишасы" халықаралық дәстүрлі музыка кешімен салтанатты түрде жабылды.