«Ой толғау» монооперасы консерваторияда
2022 жылғы 21 желтоқсан күні Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының Е. Рахмадиев атындағы Үлкен концерт залында ҚР Еңбек сіңірген артисі, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, «Құрмет» және «Барыс» ордендерінің иегері, Қазақ ұлттық өнер университеті мен С. Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінің профессоры Шахимардан Әбілов өзінің 3 бөлімнен тұратын «Ой толғау» атты монооперасының «Абай жолы» деп аталатын бірінші бөлімін көрермен назарына ұсынды. Қойылымның мақсаты мен идеясы Ахмет Байтұрсыновтың: «Абайды қазақ баласы тегіс танып, тегіс білуі керек!» деген тұжырымына негізделген.
«Махаббатпен жаратқан адамзатты,
Сен де сүй, ол Алланы жаннан тәтті.
Адамзаттың бәрін сүй, бауырым деп,
Және сүй, Хақ жолы деп, әділетті» деп толғанып өткен ғұлама ақынның шығармаларына құрылған моноопераның орындаушысы да, идеясының авторы да – Шахимардан Әбіловтың өзі. Фортепиано партиясын орындаған – Халықаралық конкурстардың лауреаты Әлияр Өтетілеу.