Menu HELPDESK

Құрманғазыатындағы Қазақ ұлттық консерваториясында «Әке – Асқар тау» жобасы бойынша тәрбиелік іс-шара өтті


2024 жылдың 15 қазанында Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының жатақханасының акт залында «Әке – Асқар тау» жобасы аясында «Салт-дәстүрлердің тәрбиелік мәні» тақырыбында тәрбиелік іс-шара өтті.

Алматы қаласының қоғамдық даму басқармасы мен «Social Project Management» қоғамдық қоры ұйымдастырған іс-шараға Студенттермен және түлектермен жұмыс жасау бөлімі, Жатақхана ісі жөніндегі студенттік кеңес пен консерватория психологы Дарья Рахмалиевна Шабденова да атсалысты.

Кездесудің басты мақсаты – өскелең ұрпақ арасында әкенің рөлін арттыру, өзара сыйластыққа тәрбиелеу, отбасылық құндылықтарды нығайту және студенттерге психологиялық қолдау көрсету. Сондықтан әке тәрбиесінің маңыздылығына және оның тұлғаны қалыптастырудағы ықпалына ерекше көңіл бөлінді.

Жиын барысында үлкенге құрметті нығайтуға ықпал ететін салт-дәстүрлер мен әдет-ғұрыптардың тәрбиелік рөлі талқыланды. Қатысушылар сыйластық, қамқорлық, өзара көмек сияқты дәстүрлі құндылықтар рухында тәрбиелеу қоғамның үйлесімді дамуына қолайлы жағдай туғызатынын атап өтті.

Оған белгілі қайраткерлер: «Қазақ әдебиеті» газеті мен «Жұлдыз» журналының журналисі, art-редакторы Марат Сәбдікен, сондай-ақ журналист, «Сенімен болашақ» республикалық ата-аналар қоғамдық бірлестігінің Алматы қалалық филиалының директоры, журналист Меруерт Мәулетқызы қатысты. Іс-шараны Мұхамеджан Әбдібеков жүргізді.

Жиында қазіргі қоғам жағдайында өзекті болып табылатын жастарды психологиялық қолдау мәселелеріне ерекше назар аударылды. Спикерлер отбасында сенімді қарым-қатынас орнатудың маңыздылығын атап өтіп, әр ұрпақ арасындағы қақтығыстарды еңсеру әдістерін талқылады. Сонымен қатар отбасында және жалпы қоғамда туындайтын психологиялық мәселелерді шешу жолдарын ұсынды.

  



Альбомдарға оралу