А.Байтұрсынұлының 150 жылдығына орай қазақ тілін оқыту байқауы өтті
30 мамырда консерваторияда Алматы қаласы, Алмалы ауданы бойынша А.Байтұрсынұлының 150 жылдығына орай Тілдерді оқыту орталықтары мен ЖОО-ғы практикалық қазақ тілі оқытушыларының арасында ересектерге қазақ тілін оқыту аудандық байқауы өтті.
Байқаудың мақсаты: Ағартушы-ғалым, тіл жанашыры Ахмет Байтұрсынұлының еңбектерін зерделеу, насихаттау. Қазақ тілін оқытудың заманауи әдіс-тәсілдерін қолдана отырып, мемлекеттік тілді оқытудың сапасын арттыру. Мемлекеттік тіл – қазақ тілінің мәртебесін арттыру мақсатында оқытушылардың аталмыш байқауларға қатысуын, тәжірибе алмасуын, жаңа авторлық әдіс-тәсілдерді меңгеріп, білім алушыларды оқыту барысында қолдануын қамтамасыз ету.
Байқау 4 кезеңнен тұрды:
1-кезең: Қатысушылар өздерін және қазақ тілін оқытудың жеке авторлық бағдарламаларын таныстыру;
2-кезең. «Ахмет Байтұрсынұлы - ақын, әдебиет зерттеуші ғалым, түркітанушы, публицист, педагог, аудармашы, терминолог, қоғам қайраткері». Тұсаукесер жасап, қорғау;
3-кезең. Қатысушылар А2 деңгейіне арналған ашық сабақ көрсетілімін алдын-ала (15 мамырға дейін) қазылар алқасының поштасына жіберуі тиіс. Талап: А.Байтұрсынұлының әдістемелік идеяларын, тілді оқытудың заманауи тәсілдерін қолдану;
4-кезең. Шығармашылық: эссе жазу, А.Байтұрсынұлының шығармаларынан үзінді оқу, өлеңдерін, мысалдарын жатқа айту, әндерін, термелерін орындау.
Тіл жанашыры, филология ғылымдарының кандидаты, профессор, ҚР ҒА корреспондент мүшесі Осман Асылы ханым төрайымдық жасаған қазылар алқасында Алмалы ауданы Мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің бас маманы А.Күнтубаева Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясы «Әлеуметтік-гуманитарлық пәндер» кафедрасының профессоры, филология ғылымдарының кандидаты, қауымдастырылған профессор (доцент) Г.Сүлеева, ғылыми хатшы, филология ғылымдарының кандидаты, қауымдастырылған профессор (доцент) А.Мәшімбаева болды.