Menu HELPDESK

Ақтөбелік хор ұжымының «Жыр жазамын жүрегімнен» атты концерті өтті

 

3 сәуір күні дәстүрлі өнердің қарашаңырағында КСРО Халық артисі, Қазақ КСР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, композитор, профессор Ғазиза Жұбанованың 95 жылдығына арналған «Жыр жазамын жүрегімнен» атты Ғ.Жұбанова атындағы Ақтөбе облыстық филармониясының Қазақ камералық хор ұжымының концерті өтті. Ұжымның көркемдік жетекшісі әрі дирижері Мербол Құспанов, хормейстерлер Лейла Кущанова мен Мәди Әбішев, ал концертмейстер Элеонора Пак болды.

Мерекелік шара барысында Абай атындағы Қазақ ұлттық опера және балет театрының жетекші солисті (жеке орындаушысы), «Құрмет» орденінің иегері Зарина Алтынбаева, ҚР Мәдениет саласының үздігі Шәрігүл Өтегенова, сондай-ақ Өркен Сағиев, Гүлжан Жұбанышева және Серік Жұбатқан өнер көрсетті.

Қазақ музыка өнерінің көрнекті қайраткері, композитор Ғазиза  Жұбанованың аты берілген өнер ұжымында қызмет атқарып жүрген, хор жетекшісі Мербол Құспанов бастаған түлектеріміз түлеп ұшқан ұясына арнап ерекше ықыласпен дайындаған концерттік бағдарламаларын ұсынып, тыңдармандарды бірден тәнті етті. Талғамы биік, тәжірибесі мол орындаушылар залға жиналған көрермендердің құлақ құрышын қандырып, ризашылығына бөленді.

Өнерін ұсына келген Ғ.Жұбанова атындағы Ақтөбе облыстық филармониясының Қазақ камералық хор ұжымы мен ұжымның көркемдік жетекшісі әрі дирижері Мербол Құспановқа консерватория ректоры Арман Әділханұлының атынан Алғыс хат табысталды. Біз де аталмыш ұжымға шығармашылық табыс, сарқылмас шабыт тілейміз!

DSC_9611.JPG










 

 

 



Альбомдарға оралу