Абайдың Рухани мұрасы және қазіргі заманғы өнертанудың өзекті мәселелері
21 қараша 2020
2020 жылдың 19 қарашасында Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясында Абай Құнанбаевтың 175 жылдығына арналған «Абайдың Рухани мұрасы және қазіргі заманғы өнертанудың өзекті мәселелері» атты онлайн Халықаралық ғылыми-практикалық конференция өтті.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы атап өткендей, «Абай мұрасы – біздің ұлт болып бірігуімізге, ел болып дамуымызға жол ашатын қастерлі құндылық болуы тиіс».
Конференцияда ХХ ғасырдың басынан бастап бүгінгі күнге дейінгі Абай мұрасының тағдыры, композитор шығармаларының ұлттық музыкалық мәдениеттің дамуы контексіндегі рөлі мен маңызы, қазіргі дәстүрлі, концерттік тәжірибедегі Абай мұрасы тақырыптары қозғалып, кеңінен талқыланды.
-Абай Құнанбайұлы Қазақ елінің абыройын әлем жұртшылығы алдында биікке көтерген тұлғалардың бірі. Оның мұрасы тек өз халқының ғана емес, бүкіл адамзат баласының игілігіне айналды десек қателеспейміз. Ақын өлеңдері мен қара сөздерінде айтылған ақиқаттар адамға өз бойындағы жаман қасиеттерінен арылып, асыл қасиеттерін табуға, оларды дамытуға үндейді. Өкінішке орай, үстіміздегі жылы орын алып отырған әлемдік пандемия көптеген жоспарлы іс-шараларды өз деңгейінде өткізуге қолбайлау болып отыр. Соған қарамастан ұлы ақынның 175 жылдығына арналған конференцияны онлайн өткізіп отырмыз, - деді алғы сөзінде консерватория ректоры Арман Жүдебаев.
Конференцияға алыс және таяу шет елдердің танымал ғалымдары мен мәдениет қайраткерлері, жас зерттеушілер, ЖОО-ның оқытушылары қатысты. Олардың ішінде: АҚШ-тың Оңтүстік Каролина университетінің қауымдастырылған профессоры – Анна Олдфилд; Болгария астанасы София қаласындағы «Проф. Панчо Владигеров» ұлттық музыка академиясынан өнертану докторы – Мануэла Бончева; П.И.Чайковский атындағы Мәскеу мемлекеттік консерваториясының профессоры, өнертану докторы – Виолетта Юнусова; Ташкенттік қонағымыз, Өзбекстан мемлекеттік өнер және мәдениет институтының оқытушысы – Аманмурадов Шохрат Чарыевич; Санкт-Петербург мемлекеттік университетінің магистранты – Молдалим Тоқжан Жақсылыққызы болды. ZOOM платформасы арқылы онлайн конференцияға қатысқан адамдардың саны 100-ден асты.
Сондай-ақ, конференциядан соң консерваториянының YouTube арнасында ұлы ақынның шығармашылығына арналған «Өлмейтұғын артында сөз қалдырған...» атты онлайн концерт өтті. Концертті 1 тәуліктің ішінде мыңнан аса адам тамашалады.
https://www.youtube.com/watch?v=UYTWGCGCmD4&t=1653s
Қабылдау 2024