"Адалдық алаңы" жобасы консерваторияда
Бүгін Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясына ҚР Мәдениет және спорт министрлігіне қарасты «Адалдық алаңы» жобалық кеңсесінің жетекшісі Қамзолдаев Марат Болысбекұлы келді. Ол оқу ордамыздың ректоры Арман Әділханұлымен кездесіп, бірге атқарылар жұмыстар жайын талқылады. Сондай-ақ кездесуге консерваторияның жемқорлыққа қарсы күрес кеңесінің жетекшісі, «Жалпы фортепиано» кафедрасының меңгерушісі И.В.Олексенко да қатысты.
Кездесу барысында Марат Болысбекұлы келу мақсаты, жобаның қазіргі жай-күйі және алдағы уақытта жүргізілетін шаралар туралы сөз қозғады. Ол: «Білім ордасына келу мақсатым – консерваториядағы «Адалдық алаңы» жобалық кеңсесінің жұмысын жолға қойып, әдістемелік ұсыныстарды нақтылау және студенттік, оқытушылық қоғамдық ұйымдардың жұмыстарын жандандыру. Ең басты мәселе – жемқорлыққа қарсы аудитті жүзеге асыру бойынша ұсыныстарды қарастыру. Алдағы апталарда осы мәселе төңірегінде іс-шаралар, вебинарлар өткізілу жоспарланып отыр. Оған кураторлар мен факультет декандары және т.б. қызығушылық танытқан жандар қатыса алады», - деді. Аталмыш жобаның ерекшелігі – жемқорлықты ауыздықтау әрі қоғамда орын алып жатқан жат әдеттермен күресу.