Menu HELPDESK

Ғалия Зайнақұлқызы Бегембетова өмірден озғанын өкінішпен хабарлаймыз

Бүгін бүкіл саналы ғұмырын отандық музыка ғылымы мен білім беру ісіне арнаған ұлағатты ұстаз, дарынды музыкатанушы, өнертану ғылымдарының кандидаты, қауымдастырылған профессор, ғалым әрі ұйымдастырушы Ғалия Зайнақұлқызы Бегембетова өмірден озғанын өкінішпен хабарлаймыз. 
Ғалия Зайнақұлқызы жоғары музыкалық білімді Құрманғазы атындағы Алматы мемлекеттік консерваториясының «Музыкатану» мамандығы бойынша тәмамдап, ары қарай аспирантурада оқып, М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтында ғылыми тағылымдамадан өткен. 1996 жылы кандидаттық диссертациясын сәтті қорғағаннан кейін осы уақытқа дейін отандық музыкатану мектебінің беделді өкілі ретінде танылды.

Ғалия Зайнақұлқызының кәсіби жолы  Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясымен тығыз байланысты болды. Осында жиырма жылдан астам уақыт бойы шәкірт тәрбиелеп, әріптестерін қолдап, оқу үдерісін ұйымдастыруға белсенді араласқан. Ұзақ жылдар бойы кафедра профессоры ғана емес, сонымен қатар музыкатану және менеджмент факультетінің деканы, тәрбие ісі жөніндегі проректор, кейін ғылыми-шығармашылық және халықаралық байланыстар жөніндегі проректор қызметтерін атқарды. Оның консерваторияның дамуына қосқан үлесі шексіз.

Кәсіби қызметі үшін А. Байтұрсынұлы атындағы орденімен, Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 және 30 жылдығына арналған медальдармен, «Мәдениет саласының үздігі» төсбелгісімен, сондай-ақ Мәдениет және ақпарат министрлігінің және Мемлекет басшысының алғыс хаттарымен марапатталған.
Ғалия Зайнақұлқызы ерекше мейірімділігімен, кеңпейілділігімен, ішкі жан дүниесінің тазалығымен және еңбексүйгіштік қасиетімен мәңгі есте қалатыны сөзсіз. Жайсаң мінезі, музыканы түсініп-сезінуі, шабыт сыйлай отырып, қолдау көрсете білген Ғалия Зайнақұлқызы шәкірттерінің бірнеше буыны үшін сүйікті ұстаз, ал академиялық қауымдастық үшін - нағыз бедел иесі болып қалатын анық.

Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының ұжымы және Ғалия Зайнақұлқызын жеке таныған жандардың атынан оның жақындары мен туған-туыстарына қайғыра көңіл айтамыз. Аяулы ұстаздың жарқын бейнесі мен іскерлік үлгісі ұзақ жылдар бойы жадымызда сақталады.
Бақұл болыңыз!

Альбомдарға оралу