Алматыда Қазақстан халқы Ассамблеясының бастамасымен тоғызқұмалақ ұлттық ойыны бойынша турнир өтті
2024 жылғы 28 қазан күні Алматыда Қазақстан халқы Ассамблеясының бастамасымен тоғызқұмалақ ұлттық ойыны бойынша турнир өтті. Іс-шара Республика күні мен көрнекті жазушы Г.К. Бельгердің 90 жылдық мерейтойына орай ұйымдастырылды.
Турнирге интеллект, стратегиялық ойлау қабілеті мен мәдени мұрамыздың символына айналған ежелгі ойында асқан шеберліктерін көрсеткен жоғары оқу орындарының студенттері қатысты.
Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясы атынан «Арт-менеджмент» білім беру бағдарламасының 1 курс студенті Бейбітәлі Бекарыс пен «Халық әні» білім беру бағдарламасының 2 курс студенті Арыстанғалиева Бақыт қатысты. Қатысушыларымызды жарысқа студенттермен және түлектермен жұмыс жөніндегі бөлімі әлеуметтік-гуманитарлық пәндер кафедрасының оқытушысы Қаламқас Әлайдарқызының жетекшілігімен дайындады. Қос студент еңбекқорлығы мен табандылығының арқасында консерваторияның намысын қорғап, жоғары деңгейдегі дайындықтарын көрсетті.