Menu HELPDESK

«Алпамыс батыр» оқу құралының тұсаукесері өтті


  

2023 жылдың 20 қазанында консерваторияның А.Жұбанов атындағы кіші залында ҚР Мәдениет қайраткері, күйші-композитор, «Халық музыкасы» факультетінің деканы, профессор Төлепберген Тоқжановтың өнертанушыларға, музыка зерттеушілері мен орта және жоғары оқу орындарының оқытушыларына, студенттеріне арналған «Алпамыс батыр» оқу құралының тұсаукесері және «Халық әні» кафедрасының оқытушылары Аққалқа Ахметова, Күнқожа Қайрулла және Венера Қаржаубаеваның «Көнеден көшкен жыр керуен» атты класс-концерті өтті.

Айта кету керек, «Алпамыс» батыр жыры алғаш рет нотаға түсіріліп, оқу құралы ретінде ұсынылып отыр. Оқу құралына енген «Алпамыс батыр» жырын – ҚР Мәдениет саласының үздігі, белгілі жыршы Бидас Рүстембеков 54 бөлімге бөліп, 22 мақаммен жырлаған.

Кітаптың тұсауын кесуге Сыр бойынан арнайы келген Бидас жырау мен күйші, қазанғаптанушы, профессор Абдулхамит Райымбергенов сахнаға шақырылды. Абдулхамит Ысқақұлы: «Бүгін керемет бір кештің куәсіміз, тарихта қалатын «Алпамыс батыр» оқу құралы қолымызға тиіп отыр. Өздеріңіз білесіздер, көптеген филологтар батырлар жырларын жазды, хатқа түсті. Бірақ ол жырлар қалай орындалды, оны қандай мақаммен жырлады, бүгінгі күнге дейін ол жағын ешкім зерттеген жоқ. Бір жырдың толыққанды бас-аяғы бүтінделген нұсқасы мақам-сазымен бүгін жарық көріп отыр. Төрт сағат жырланатын бір жырды толықтай нотаға түсіру оңай іс емес. Бұл – Алпамыс батырға қойылған музыкалық ескерткіш деуге болады» - десе, жырау ағамыз Бидас Рүстембеков: «Кітап мәңгілік дүние. Қаншама әруақтарды тірілтіп жатсың. Біреу таныса, біреу танымас, осы кітаппен мені де жұртшылыққа танытып жатсың. Кітапқа көңілім толып тұр» - деп ризашылық білдірді.

Кеште А. Ахметова, К. Қайрулла мен В. Қаржаубаеваның шәкірттері, Республикалық конкурстардың лауреаттары – Бекзат Ермекбай, Көркем Сәндібек, Фариза Хасенова, Айдар Мөкешов, Маржан Әптербек, Самал Медеубаева, Бақыт Арыстанғалиева, Кішкене Жұмамұрат, Шұғыла Мархабатова Сыр, Бесқала және Батыс Қазақстан аймақтарының терме-толғауларын орындап, «Алпамыс батыр» жырынан үзінді жырлады.

Кеш соңында Бидас Рүстембеков «Үлкен жұмыс жасалынды. Ізімізден кеде жатқан жастардың өнеріне риза болып отырмын, жырларын тыңдап, бір жасап қалдық» деп ризашылық білдіріп, кешке жиналған көпшілікке, концертке қатысқан жастарға батасын берді.









 



Альбомдарға оралу