Ғалым-ұстаз Кәрима Сүндетқызы мерейлі 70 жасқа келді!
Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясы «Домбыра» кафедрасының профессоры, ғалым, ұстаз Сахарбаева Кәрима Сүндетқызы мерейлі 70 жасқа толып отыр. Мерейтой «Домбыра» кафедрасының номинациялары бойынша кіші олимпиаданың ашылу салтанатымен тұспа-тұс келді. Салтанат үстінде өнер-білім ордасының ректоры Арман Жүдебаев дәстүрлі өнер қарашаңырағында 40 жылдан аса уақыттан бері еңбек етіп келе жатқан ғалым-ұстаз Кәрима Сахарбаеваны мерейтойымен құттықтап, шапан жапты.
Шара барысында мерейтой иесіне Дина Нұрпейісова атындағы халықтық музыка Академиясы Атырау музыка колледжінің өкілі колледж басшысының құттықтау хатын табыстады. Кіші олимпиаданың ашылу салтанатына орай ұйымдастырылған концертте «Домбыра» кафедрасының аға-оқытушысы Әсел Алина мерейтой иесінің құрметіне орай дүлдүл күйші Қаршыға Ахмедияровтың Кәрима Сүндетқызына арнап шығарған «Сахарбай сазы» күйін орындады.
Консерваторияның «Халық музыкасы» факультетінде бірнеше жыл декан қызметін атқарған Кәрима Сүндетқызы бабалардан аманат болып қалған текті өнерді жеткізуші саңлақтардың өмірі мен шығармашылық жолын зерттеп, оқу-әдістемелік, ғылыми-зерттеушілік, күйтанушылық бағыттарда көптеген кітаптар жазып, олардың ерен еңбектерін дәріптеп қана қоймай, бай мұраны өскелең ұрпақ бойына дарытып, күйші-орындаушыларды тәрбиелеп, ұлттық өнерімізді ұрпақ кәдесіне жаратуға елеулі үлес қосып жүр. Оның шәкірттерінің бірі ұстаз, бірі орындаушы болып, республикамыздың түкпір-түкпірінде күй өнерінің насихатталуына атсалысуда.
Кәрима Сүндетқызын мерейлі жасымен құттықтай отырып, зор денсаулық, ұзақ ғұмыр тілеп, көрер қуанышыңыз молынан болсын, қашанда шәкірттеріңіз бен әріптестеріңіздің қошеметіне бөленіп, аман жүріңіз демекпіз!