Menu HELPDESK

Қауіпсіздік ережелері туралы сөз қозғалды



27 қыркүйекте консерваторияның Е. Рахмадиев атындағы үлкен концерт залында кураторлық сағат аясында Өрт қауіпсіздігі және терроризмге қарсы қорғау жөніндегі инженер - Әшімов Талғат Абдултәліпұлының өнер-білім ордасының студенттерімен кездесуі өтті.

Кураторлық сағатты студенттермен және түлектермен жұмыс жасау бөлімінің басшысы Сқақов Жалғас Жанысұлы жүргізді.

Консерваторияның Өрт қауіпсіздігі және терроризмге қарсы қорғау жөніндегі инженері Әшімов Талғат Абдултәліпұлы тақырып төңірегінде әңгіме өрбітті. Маманның айтуынша, қауіпсіздік дегеніміз – жеке адамның, қоғамның, мемлекеттің өмірлік маңызды мүдделерінің ішкі және сыртқы қатерден қорғалуы. Қауіпсіздіктің негізгі нысаны – жеке адам. Әдетте біз қауіпсіздіктің қарапайым қағидаларын сақтауды салғырттық пен селқостықтан естен шығарып аламыз. Соның салдарынан жазатайым жағдайлар, оқыс оқиғалар орын алып жатады. Сондықтан қауіпсіздік ережелері мен сақтық шараларын әрдайым назарда ұстағанымыз жөн. Әуелі өзіңіз үшін, содан кейін айналаңыздағылар үшін қауіпсіздік шаралары міндетті түрде жасалуы тиіс. Орны толмас өкініште қалмас үшін мұқият болайық, мойнымызда үлкен жауапкершілік барын ұмытпайық!

Жиынның басты мақсаты консерватория студенттерін қауіпсіздік ережелерімен таныстыру, өрттің алдын алу сияқты мәселелерді талқылау болды. Кездесу барысында студенттерді қызықтыратын бірталай сұрақтар қойылды. Сауалдарға спикер тарқата жауап беріп, өзі дайындап әкелген бейнежазбаларын көрсетті. Бұл бейнежазбалар студенттерге үлкен әсер қалдырды, себебі, онда көпқабатты үйлердегі өрт кезіндегі адамдардың терезеден секіргендері, өрт сөндіру кезінде кездесетін қиыншылықтар көрсетілді. Деректерге сүйенсек өрттің көп болатын орны көпқабатты ғимараттар мен тұрғын үйлерде. Көп жағдайда өрт оқиғалары адамдардың өзіндік қателіктерінен туындайды, отты қолдану және электр құралдарын пайдаланудағы немқұрайлық және абайсыздық – өрттің шығуының негізгі себептері. Сондықтан да, барлығымыз өрт қауіпсіздік шараларын білуге және сақтауға міндеттіміз деп атап өтті. Сондай-ақ, Талғат Абдултәліпұлы терроризмнің алдын алуға байланысты әрекет ету және сақтану жолдарын да түсіндірді.




 



Альбомдарға оралу