Қайырымдылық мақсатта спектакль ұйымдастырылмақ
2022 жылғы 25 желтоқсан күні Абай атындағы Ұлттық опера және балет театры және Құрманғазы атындағы ҚҰК-ның ұйымдастыруымен, «Солнышко» балалар үйінде, қайырымдылық мақсатта Антонио Спадавеккианың «Күлше қыз» спектаклі қойылмақ.
Абай атындағы Ұлттық опера және балет театрының қайырымдылықпен айналысып келе жатқанына бірер жылдың жүзі болды. Театр «Солнышко» балалар үйін және Қарттар мен мүгедектер үйін қамқоршылығына алған. Қайырымдылық жоба құрылтайшыларының сөзінше, осыдан екі жыл бұрын, дәл пандемияның күшіне мініп тұрған кезінде, ендігі жерде әр жылы Жаңа жыл қарсаңында және балалардың қысқы демалыс күндерінде аталмыш мекемелердің қамқорлығындағы жандарға арнап спектакльдер қойып отыру идеясы туындаған. Сол үрдіс биыл да жалғасын таппақ.
Қайырымдылық спектаклі Қазақстандағы Балалар жылы бағдарламасының аясында ұйымдастырылып отыр. Қойылымға Құрманғазы атындағы ҚҰК «Вокалдық өнер» кафедрасының студенттері қатыспақ: Айдана Қабыл – Күлше қыз, Леон Абдуллин – Ханзада, Мерей Қағазбаев – Король, Оразғали Сағитжанұлы – Құпия кеңесші, Аружан Тоқтаған – Сиқыршы әйел, Қыдырәлі Еркінбек – балақай, Би министрі, Алина Әкімбай, Айсұлу Нұрлан – тышқандар, Меруерт Бектаева – Өгей шеше, Шыңғыс Нұрғалиұлы – Орманшы, Әнел Сайлаубай – Ұрысқақ қыз, Қаракөз Әбденова – Тырысқақ қыз. Концертмейстер – ҚР Еңбегі сіңген қайраткері Гүлнәр Жеделова, Балетмейстер – Қаршыға Дәндіғариев, қоюшы режиссері – Диана Әкімбаева.
Айта кетейік, үстіміздегі жылдың шілде айында алғаш рет Абай атындағы ҰОБТ-да студенттер және тағылымгерлердің қатысуымен, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері Гүлнәр Шаханқызы Жеделованың мерейтойының құрметіне, күрделі опера болып саналатын Донницеттидің «Қоңыраушасы» қойылған болатын.