Қазақ консерваториясының студенттері Словакияда академиялық ұтқырлық бойынша оқитын болады

2025 жылғы 16 наурыз күні Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының Хор дирижерлеу кафедрасының екінші курс студенттері Айым Искакова және Риза Жұмағалиевалар академиялық ұтқырлық бағдарламасы аясында Братиславадағы Орындаушылық өнер академиясына (Словакия) оқуға келді.
Братиславадағы Орындаушылық өнер академиясы — 1949 жылы құрылған Словакиядағы ең ірі шығармашылық оқу орны болып табылады. Академияда музыка, театр және би салаларында бакалавриат және магистратура бағдарламалары бойынша 1000-нан астам студент білім алуда.
Студенттеріміздің Братиславада оқу мерзімі 2025 жылдың 17 наурызынан 25 маусымына дейін жалғасады. Олар 20 наурыз күні Польшадағы Быдгощ қаласындағы Феликс Нововейский атындағы музыка академиясының ректоры, профессор Элибьета Втроковская өткізген шеберлік сабағына қатысты. Шеберлік сағаты поляк хор музыкасы мен екі поляк композиторы — Марек Рачиньский мен Гжегож Мискиевичтің шығармашылығына арналды. Сонымен қатар, Айым мен Риза 20-23 наурыз аралығында өтетін Bratislava Spring Music Festival фестиваліне қатысуды жоспарлап отыр. Сәуір айында академияда өтетін концертке қатысу студенттер үшін маңызды оқиға болмақ. Концерт аясында Мартин Палмеридің меццо-сопрано, аралас хор, бандонеон, фортепиано және симфониялық оркестр үшін жазылған «Misa a Buenos Aires Misatango» шығармасы орындалады.
Біз студенттерімізбен мақтанамыз және бұл сапар олардың кәсіби және мәдени дамуына ықпал ететініне сенімдіміз.
Оларға музыка әлеміндегі жаңа жетістіктерге жетуді тілейміз! Консерватория осы жобаны ұйымдастыруға үлкен үлес қосқан ғылыми жұмыс және халықаралық байланыстар жөніндегі декан орынбасары Петер Мартинчекке алғыс білдіреді.