Қазақ ұлттық консерваториясының студенттік симфониялық оркестрі Мәскеуде өтетін II Әлемдік жастар оркестрлері фестиваліне қатысатын болды
Қазақ ұлттық консерваториясының студенттік симфониялық оркестрі Мәскеуде өтетін II Әлемдік жастар оркестрлері фестиваліне қатысатын болды.
Қазақ ұлттық консерваториясының студенттік симфониялық оркестрі биылғы жылдың ең маңызды музыкалық оқиғаларының бірі – II Әлемдік жастар оркестрлері фестиваліне қатысуға жолдама алды. Фестиваль ұйымдастырушылары - белгілі маэстро Юрий Башмет пен Бүкілресейлік жастар симфониялық оркестрі.
Қазақстандық оркестр музыканттарының бағдарламасында әлемдік классикалық музыка жауhарлары, оның ішінде Джоакинно Россинидің «Вильгельм Тель» операсындағы увертюра, Модест Мусоргскийдің «Ночь на лысой горе» симфониялық туындысы, Антонин Дворжактың атақты «Новый свет» № 9 Симфониясының IV бөлімі бар. Бағдарламада қазақ композиторларының туындылары ерекше орын алмақ: Еркеғали Рахмадиевтің «Құдаша-думан» симфониялық күйі мен биыл 75 жылдық мерейтойы тойланатын Тілес Қажғалиевтің «Дала аңызы» балетінен сюита орындалады. Оркестрге екі дарынды дирижер – Дастан Ибрагимов пен Нарын Қажғалидың (Тілес Қажғалиевтің ағасы) басшылық жасайды деп күтілуде.
Жағымды жаңалықтардың бірі - консерваторияның 8 студенті Юрий Башметтің басқаруында Вольфганг Амадей Моцарттың шығармаларын орындайтын ТМД елдерінің шоғырландырылған жастар симфониялық оркестрінің құрамына іріктеліп алынды. Бұл жетістік музыканттарымыздың шығармашылық жолындағы ең маңызды қадамы деп айтуға болады.
Фестиваль 16-18 тамыз аралығында ашық аспан астында Мәскеудің ең көрікті жерлерінің бірі - “Зарядье” саябағындағы үлкен амфитеатрында өткізіледі. Жұртшылық фестиваль аясында ұйымдастырылатын үш концертті тамашалайтын болады. Маэстро Юрий Башмет басқаратын қойылым фестиваль шымылдығын жаппақ. Қазақстандық ұжым фестиваль сахнасында соңғы күні, 18 тамызда өнерін көрсетеді. Бұл гастрольдік сапар студенттік оркестрдің пандемиядан кейінгі алғашқы елімізден тыс жерде көрсететін қойылымы.
Фестивальге қатысушылардың арасында Қазақстан, Қытай, Сербиядан келетін тоғыз жастар оркестрі, сондай-ақ Санкт-Петербург, Челябинск және Ижевск қалаларының шығармашылық ұжымдары болады. Фестивальдің ерекшелігі - өздерінің бірегей бағдарламаларын алғаш рет көпшілікке ұсынатын БРИКС және ТМД елдерінің шоғырландырылған жастар симфониялық оркестрлерін құру болып табылады.
Алғашқы Әлемдік жастар оркестрлері фестивалі 2023 жылдың тамыз айында өткен болатын. Ол кезде сахнада Алжир, Өзбекстан, Қытай, Корея Республикасы, Сербия, Чили, ОАЭ, Колумбия мен Боснияның музыканттары кездескен. Фестиваль аясында құрылған Бүкіләлем жастарының симфониялық оркестрі Юрий Башметтің басшылығымен мерекенің салтанатты жабылуында өнер көрсетті. Ауқымды іс-шараның табысты өтуі фестивальдің жыл сайын дәстүрлі түрде ұйымдастырылуына ұйытқы болды.