Menu HELPDESK

Қазақстандағы альтист күні: Яков Фудиманды еске алу концерті

3 ақпан күні Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының А. Жұбанов атындағы Кіші залында Қазақстандағы альтист күніне орай дәстүрлі альт музыкасының кеші өтті.

Іс-шара Қазақстанның танымал альтисті, профессор, «Құрмет» орденінің кавалері және Қазақстан альт мектебінің негізін қалаушысы Яков Иосифович Фудиманды (1934–2007) еске алуға арналды.

Кешті тамашалауға Я. Фудиманның шәкірттері, музыканттар және альт музыкасын сүйіп тыңдаушылар жиналды. Солисттер әлемдік альт классикасының шығармалары – Л. ван Бетховеннің, А. Глазуновтың, Ф. Бридждің туындыларын орындады. Й. Боуэн, А. Холлендер, Г. Риттер және Дж. Харви шығармалары қазақстандық тыңдаушыларға альт өнерінің жаңа қырларын ашты деуге болады.

Концертке Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткерлері Тасмұхан Исенов (кларнет) және Гүлжан Үзенбаева (фортепиано), ресейлік альтист Назар Кожухарь, сондай-ақ Фудиманның шәкірттері – Қазақ ұлттық консерваториясының педагогтары, республикалық музыкалық мектептердің ұстаздары мен ҚР Мемлекеттік академиялық симфониялық оркестрінің артистері қатысты. Кештің қонағы К.Байсейітова атындағы Қазақ ұлттық өнер университетінің доценті Сәуле Тұяқова көрермендерге өзінің авторлық шығармаларын ұсынды.

Яков Фудиман музыкалық саласында бай мұра қалдырған тұлға. Сонымен қатар ол 150-ден астам студент тәрбиелеген мектеп құрған болатын. Олардың қатарында мәдениет саласының еңбек сіңірген қайраткерлері, халықаралық байқаулардың лауреаттары, жетекші педагогтар мен артистер бар. Шәкірттері ұстаздарының дәстүрлерін жалғастырып, 60 жыл бойы ҚР МАСО альт тобына жетекшілік етті.

Яков Фудиманды еске алу кеші тек концерт қана емес, сонымен қатар маэстроның Қазақстандағы альт өнерін дамытуға қосқан үлесін еске салатын күн. Кеште нағыз шабыт пен жоғары орындаушылық шеберліктің ұмытылмас атмосферасы қалыптасты.

 

 

Альбомдарға оралу