Б.Мүптекеевтің авторлық монографиясының, күйлер жинағы мен CD күйтабағының тұсауы кесілді
Бүгін ҚР Ұлттық кітапханасында онлайн және офлайн форматта дәулескер домбырашы, қазақтың күйшілік-домбырашылық дәстүрін ғылыми негізде әлемге әйгілеуші ғалым Базаралы Мүптекеевтің «Жетісудың оңтүстік-шығысындағы күйшілік дәстүр» атты монографиясының, «Күй шақыртқы» деп аталатын күйлер жинағы мен CD күйтабағының тұсаукесер салтанаты өтті. Консерваторияның фольклорлық ғылыми зерттеу зертханасы қорындағы Базаралы Мүптекеевтің орындауындағы 25 күй ноталық күй жинақ әрі күйтабақ болып шығып отыр. Жобаны Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының Фольклорлық ғылыми-зерттеу лабораториясы ұйымдастырды. Салтанатты жиынның модераторы – танымал ғалым, өнер зерттеушісі, ұстаз Сағатбек Медеубекұлы болды.
Айтулы шараға белгілі фольклорист-ғалымдар, өнертанушылар, қоғам және мемлекет қайраткерлері, республикалық ақпарат құралдарының өкілдері мен өнер адамдары қатысты. Атап айтсақ, қазақ журналистикасының қара нарына айналған қуатты қаламгер, филология ғылымдарының кандидаты, ғалым, доцент Сағатбек Медеубек, ақын, мемлекет және қоғам қайраткері Нұрлан Оразалин, күйші, өнертанушы Жанғали Жүзбай, ҚР Мәдениет қайраткері Абдулхамит Райымбергенов, жыршы, күйші, этномузыкатанушы, фольклорист Берік Жүсіпов, музыкатанушы ғалымдар Саида Еламанова, Гүлзада Омарова, Әлия Сабырова, Айнұр Қазтуғанова, Халық мусзыкасы «Домбыра» кафедрасының меңгерушісі Төлепберген Тоқжан бастаған консерватория ұстаздары қатысты. Сонымен қатар Түркия, Корей елдерінен ZOOM платформасы арқылы салтанатқа онлайн түрде ғалымның шетелдік әріптестері де қосылып, өз естеліктерімен бөлісті. Солардың бірі Анкара мемлекеттік консерваториясы, музыка теориясы кафедрасының профессоры – Ченг Гюрай.
Артына жарқын із қалдырған даңғайыр күйші әрі көреген зерттеуші Базаралы Жұмағұлұлының атқарған жұмыстары мен қалдырған мұрасына қысқаша тоқталып өтейік.
Базаралы Мүптекеев (1967-2015) – қазақ руханияты мен мәдениеті жолында тер төккен арыс азамат, көрнекті өнертанушы ғалым, шертпе күй шебері. Жетісу күйшілік мектебін қайта жаңғыртқан, осы тақырып аясында диссертация қорғаған һәм хрестоматиялық күй жинақтарын жазған тұңғыш фольклортанушы ғалым. Саналы ғұмырында Жетісумен қатар Арқа, Қаратау, Алтай, Іле, Байөлке аймақтарының күйшілік мұрасын жинақтаумен айналысты, оларды жүйеледі, кәсіби мектеп түзіп, ғылыми айналымға енуіне тер төкті.
«Мәдени Мұра» мемлекеттік бағдарламасымен шыққан күй антологияларының («Мәңгілік сарын-1», «Мәңгілік сарын-2», «Қазақтың 1000 күйі) алғашқы авторларының бірі. Осы жобалар барысында мұрағатта жатқан көптеген туындыларды қайта сараптады, күйшілік аймақтарын анықтады, шетелдегі қандастарымыздың ескерілмей қалған асыл мұраларын күйтабаққа жазды.
Халықаралық деңгейдегі «Астана-Арқау», «Астанаға тарту» сияқты өнер фестивальдарының өтуіне ұйытқы болды, түркі халықтары өнерпаздарының бір сахнада бас қосуына ықпалы тиді. Өзі де өнерімен көпшіліктің ықыласына бөленді.
Базаралы Жұмағұлы табиғатынан дала дәстүрімен сусындаған күй жырауы еді, домбырасының құлақ күйін бабасы Қожекенің кертолғау күйлерінен бастап, әйгілі Сыбанқұл, Мергенбайлардың мұңлы қоңырларына жалғастырып тараулата шертетін эпиктік қасиет иесі болды. Байжігіт, Тәттімбет, Тоқа, Сүгір, Бейсенбі, Әшім, Қайрақбай, Әйкен күйлерін де аса сергек сезіммен шертіп радионың алтын қорына жазып қалдырды.
Кәсіби фольклор жинаушы маман Жарқын Шәкәріммен бірге Мәскеудің дыбыс жазу архивінен академик Ахмет Жұбанов шерткен көне күйлердің көшірмесін елге әкеліп сүйіншілеген азамат. Қытайдағы Іле, Алтайдағы Мұңғұлиядағы Байөлке топырағындағы домбыра мен сыбызғы күйлерімен отандық тыңдарманды қуантқан адам.
Қазақ Ұлттық өнер университетінің ректоры, профессор Айман Мұсақожаеваның шақыртуымен Елордаға жұмысқа келді. Оқу орны қабырғасынан фольклорлық зертхана ашты. Арнайы экспедициялар жасақтап аймақтарды аралады, арқа жерінде күй кештері мен фестивальдарының ұйымдастырылуына сеп болды. Экспедиция барысында жиналған материалдарды өңдеп күйтабақ, ноталық жинақтар мен кітаптар жазды.
2014 жылы Базаралы Мүптекеев домбыра күйлерінің «адамзат игілігіндегі материалдық емес мәдени мұралары» қатарында ЮНЕСКО тізіміне енуіне жетекшілік етті. Ұстазы Саида Елемановамен бірге әлемге әйгілі ұйыммен жылға жуық аса күрделі жұмыстарды атқарды.
Б.Мүптекеев 2015 жылы Оңтүстік Корея жеріндегі ЮНЕСКО штабына арнайы іссапармен барып, қазақ күйлерінің жаһандық насихатталуы жұмыстарымен айналысты. Үлкен жобаларға қатысты, домбыра күйлерінің антологиясын жасау және олардың болашақта әлемдік сауда жүйесіне түсу мүмкіндіктері жөнінде арнайы ЮНЕСКО штабымен мәдени келіссөздер жасады. Өкінішімізге қарай, талантты ғалым сол сапардан қайтпады, өз халқының игілігі үшін дамыл таппаған жүрегі жат жерде тоқтады. Алайда оның өмірі, ұлттық мұраны зерттеудегі тәлімі мен тәжірибесі, отаншылдық мұраты мен мақсаты барша өнерсүйер қауымға сара жол салып кеткені анық. Б.Мүптекеевтің фольклорды зерттеу мен сараптау әдіснамалары кейінгі ізденімпаз буынға үлгі болып қалды.
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері,
күйші Жанғали Жүзбаев