Menu HELPDESK

«Бақыт және табысты адам» тақырыбында кураторлық сағат өтті



2023 жылдың 1 ақпанында консерваторияның Е. Рахмадиев атындағы үлкен концерт залында кураторлық сағат аясында өнер-білім ордасының студенттерімен Қаржы директоры (CFO) АК Consulting-негізін қалаушысы Кариева Айгерім ханыммен кездесу өтті.

Кураторлық сағатты консерваториямыздың Тәрбие және әлеуметтік жұмыстар жөніндегі проректоры Ешмұханов Мұхамбет Ашхатұлы ашып, арнайы келген қонақтарды студенттерге таныстырды. Спикер қаржылық сауаттылық тақырыбын кеңінен қозғап, студенттер қойған түрлі сауалдарға жауап берді.

Кариева Айгерім ханымның әңгімесінен:

«Біз «Бақытты және табысты адам болғым келеді» дейміз. Осы бір сөйлемді айтқанда бізде жаңа арман лап етіп туады. Миымызды компьютер деп қабылдайық. Байлықтың дәмін татқымыз келгенде оған автоматты түрде сигнал кетеді екен. Түпкі санамыз сол байлыққа бастайтын ақпарат-білімді асығып іздестіре бастайды. Нәтижесінде «Қаржылық білім» деген файл табылады. Ішін ашса, «әттеген-ай», бос кеңістік. Содан соң файл жабылады, сіз де байлықты аңсап қана уһілеп қоя саласыз.

Қаржылық сауаттылық сабағының алғашқы тақырыбын білесіз бе? Мен тақтаға сізге керегі ақша емес, байлық деймін. Ақша деген – құрал. Бар болғаны құрал. Сіз бен біз мыңдаған ғасыр бұрын есеп айырысу үшін ойлап тапқан құралымыз. Демек ақша бәрімізде бар. Аз болсын, көп болсын. Аздан көп жасау, міне, мәселе.

Бүгінгі таңда капитал жинаудың алғышарты табыстың 10 %-ын тұрақты түрде жинап отыру, ал бай болғыңыз келсе, 50%-ды жинауды әдетке айналдыру қажет дейді. Қазақ болса, табыстың 50%-ына тиіспей, айналымға енгізумен бағзы заманнан келе жатыр. Бабамыз бір жыл бойы малдың басын (капиталды) көбейткен. Көктем келгенде еркегін сатып, ұрғашысын қалдырған. Былайша айтқанда 50%-ымен өмір сүрген де, 50%-на тиіспеген. Сөйтіп қайтадан малдың басын (капиталын) көбейткен, 50%-ды 100% етуге күш салған.

Қазіргі қоғамның азғындап кетуі де – ақшаның жетіспеушілігінен. Ақша маңызды емес дей отыра, ақша үшін ұрлыққа түсіп, алдап-арбап, тіпті өзгенің жанын алып жатыр. Ақша – адамның өмірін жақсы жаққа өзгертуге мүмкіндік беретін құрал. Студент кезімде жағдайы жақсы балалардың ақшаға келгенде үнемшілдігін көргенде қатты таң қалатынмын. Біз болсақ, ақшаны оңды-солға шашатынбыз. Ақшаны жақсы көретін адамдарды арсыздарға балаппын. Мен қателесіппін. Сосын ақшаны жақсы көру керектігін ұқтым. «Мен үшін ақша маңызды емес» деген ой бізді құртады екен.

«Кедей мұсылманнан бай мұсылман қайырлырақ» деп бекер айтпаған. Кім ақшаны жақсы көреді, ақша соған тартылады. Тек тартылған ақшаны басқара білсе болғаны.                                     

Қаржылық сауаттылық дегеніміз – қарапайым тілмен айтқанда қаржылық тәртіп, яғни өз бюджетіңді басқара білу дегенді білдіреді. Қаржылық сауаттылықтың бастауы өз-өзіне есеп беруден басталады. Адам қарызға батпас үшін, барынша үнемдеп, қаржылық сауаттылығын арттыру керек. Бұл екеуі де заман талабы. Ал, біз көп жағдайда басқа адамның ақшасын санап кетіп жатамыз. Ал, қаржылық сауаттылықты арттыру стратегияларына келетін болсақ, Абай атамыздың мынадай тамаша сөзі бар: «Егерде есті кісілердің қатарында болғың келсе, күнінде бір мәрте, болмаса жұмасында бір, ең болмағанда айында бір, өзіңнен өзің есеп ал!» деген екен он бесінші қара сөзінде. Яғни, адам кірісі мен шығысын санап, өзіне есеп беру керек. Екінші стратегиясы бір дүкендегі бағаны, басқа дүкенмен салыстырып қарау қажет. Қай жерде арзан, қай жерде қымбат деген секілді, адам қанша жерден бай болса да, бағаны бағамдап есептеген дұрыс. Бірден бір жерден, бір затты ала салмаған жөн. Үшінші кезекте қаржылық қор – адам тапқан табысының жоқ дегенде 10% жинап отыру керек. Жиі еститінім, ақшаның қайда кетіп қалғанын білмеймін деп жатады, оның барлығы осы қаржылық сауаттылыққа келіп тіреледі.»

Жиында қозғалған тақырып қазіргі таңда өте өзекті мәселе болғандықтан кураторлық сағат қызықты өтті. Студент жастар қаржылық сауаттылықтың жат қылықтардан аулақ болып, салауатты өмір салтын ұстануға да үлкен әсері бар екендігін түсініп, көкейлеріндегі біршама сұрақтардың жауабын алды. Кураторлық сағаттың мақсаты да осы еді.







Альбомдарға оралу