Menu HELPDESK

Бала — біздің болашағымыз

Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясы ұжымы 1 маусым-Халықаралық балалар күні мерекесімен құттықтайды. Өскелең ұрпақтың-болашағы жарқын болып,  елімізді өркендетер келешектің кемеңгері болсын!


Тоқжанов Төлепберген Төреахметұлы, ҚР Мәдениет қайраткері, ҚР білім беру ісінің Құрметті қызметкері, профессор, Құрманғазы атындағы ҚҰК «Халық музыкасы» факультетінің деканы:

Жаздың алғашқы күнімен келетін 1 маусым-Халықаралық балаларды қорғау күні- балалалар мерекесі балғын бүлдіршіндеріміз үшін ең қуанышты жəне жыл сайын асыға күтетін мерейлі сәт.

Халқымыз «Балалы үй базар», «Бала – болашағым, жалғасым» деп ерекше мейіріммен айтқан. Мұның өзі ата-ана мен баланың арасындағы ерекше байланыс пен ежелден үзілмеген ұрпақтар сабақтастығының дәлелі. Бала бақытын бағына балаған ата-ана үшін бұл мерекенің маңызы да, мағынасы да терең. Әрбір халық ұрпағымен көктеп, ұлтымен өркен жаяды десек, біздің де тәуелсіздігіміздің тұғырлы болуы балаларымыздың болашағымен байланысты. Кез-келген ата-ананың өз балаларының бақыты жолында еткен еңбегі сол елдің ертеңіне қосқан үлесі болмақ. «Болашақ-бүгіннен басталады» деп дана халқымыз бекерге айтпаса керек.

Біздің көзіміздің нұры, болашағымыз – балаларымыз! Сондықтан да бүлдіршіндеріміздің жарқын болашаққа нық қадам басып, еңсесі биік ел азаматтары атанулары үшін барша жағдай жасауға міндеттіміз!

Өскелең ұрпағымыздың осынау бақытты балалық шақтары еліміздің адал азаматы болуға жетелесін. Зерделі де зерек, білімді де білікті болуы үшін елімізде барлық мүмкіндік бар. Жасампаз істердің барлығы балалардың жарқын болашағы үшін десем, артық айтпаған болар едім.

   

Стамғазы Рамазан Өмірәліұлы, ҚР Еңбек сіңірген артисі, «Құрмет» орденінің иегері, Қауымдастырылған профессор:

Адам өміріндегі ең үлкен бақыт – ұрпақ өсіру, бала тәрбиелеу. Бүгінгі бала елдің ертеңі, болашағы, ұлттың жалғасы. Қай мемлекет болсын, бала тәрбиесіне ерекше көңіл бөлетіні сөзсіз. Өйткені, өскелең ұрпақ-елдің ертеңгі тізгінін ұстар азаматтары. Бар жақсылығын балаларына көрсетіп, олардың жан-жақты тәрбиелі, саналы болып ержетуіне қамқорлығын аямайтын мемлекеттің болашағы да жарқын.

Тұғыры биік еліміздің ертеңі бүгінгісінен де кемел болуы рухы асқақ, өресі биік білімді де талантты ұрпақ қолында. Бүгінде баршамыздың алдымызда тұрған зор міндет – халқымыздың салт-дәстүрі мен әдет-ғұрпынан сусындатып, ұрпаққа заманауи білім беріп, салауатты өмір салтын ұстануға жағдай жасау. Бала бойындағы мүмкіндіктерді ашу. Боламын деген баланың бетінен қақпай, белінен буатын дана халқымыз қашанда ұрпағына тағлымды тәрбие беріп, кішіпейілділікке баулып өсірген. Жүзімізді жадыратып, жүректегі мұзды ерітетін сәбидің сыңғыр күлкісі екені белгілі. Ата-ана үшін бөбегінің шат күлкісі мен баянды болашағынан қымбат дүние жоқ! Даңқты батыр Бауыржан Момышұлының «Дүниеде баланың у-шуына жетер не бар?! Одан асқан сазды әуен ойлап табу мүмкін емес»-деген қанатты сөзі бала біздің бақытымыз екендігінің көрінісі.

Осынау келіп жеткен 1 маусым-Халықаралық балаларды қорғау күні құтты болсын! Балаларымыз бақытты балалық шақтың базарында күліп-ойнап жүре берсін деп тілеймін. Жүздерін шаттық кернеп, ата – аналарының сенімін ақтап, ел туын көкке көтерер азамат болып өссін!





 

Альбомдарға оралу