Базаралы Мүптекеевтің зерттеулері мен музыкасы Брюссельдегі (Бельгия) ICTM-нің XXIV Халықаралық «Тарихи қайнарлар» симпозиумында
2022 жылғы қазанның 18 мен 22 күндері Брюссельде Дәстүрлі музыка жөніндегі Халықаралық кеңесте (ICTM) «Тарихи қайнарлар» зерттеушілік тобының XXIV Симпозиумы өтті. Онда белгілі қазақстандық этномузыкатанушы Базаралы Мүптекеевтің монографиясын, ноталық жинағын және компакт-дискісін жарыққа шығару жөніндегі жоба жұрт назарына ұсынылды.
«Тарихи қайнарлар» зерттеу тобы 2024 жылы өзінің елу жылдығын атап өтетін, ICTM-дағы ең алғашқы топтардың бірі болып саналады. Бұл топ архивтерде, музейлерде және жеке коллекцияларда, сондай-ақ музыкалық дәстүрлерді тасымалдаушыларда және ғылыми ақпарат көздері ретіндегі ғылыми ұйымдарда сақтаулы жатқан әлем халықтарының дәстүрлі музыкасы туралы мәліметтерді жинаумен және жүйелеумен айналысатын ғалымдарды біріктіреді. Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының аталған зерттеу тобымен ынтымақтастығы 2018 жылы орнап, қазақстандық ғалымдардың шаралар мен симпозиумдарға қатысуын жүзеге асырып келеді. 2021 жылы Қазақстанда осы ғылыми қоғамдастықтың алдыңғы симпозиумы болып, оған Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт министрлігі, Нұрсұлтан Назарбаев қоры және Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясы қолдау көрсеткен болатын. 2022 жылғы симпозиумды Бельгияның ICTM ұлттық комитетінің өкілі Реми Жадиньдон ұйымдастырып, басқосу Бельгияның Музыкалық аспаптардың Ұлттық музейі, Лёвен (Leuven) қаласының Университеті мен Африканың Корольдік музейінің қолдауымен өткен болатын.
Осы симпозиумда Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының доценті, өнертану кандидаты, Мәдениет озаты Валерия Недлина Базаралы Мүптекеевтің ғылыми мұрасын жарыққа шығарушы рекдактор және аудармашы ретіндегі өзінің қосқан үлесі туралы баяндама оқыды. Баяндамада жалпы және арнаулы муызкалық терминологияны ағылшын тіліне аудару туралы, сондай-ақ қазақша терминдердің адам есімдері мен атаулардың транскрипциясы туралы мәселелер көтерілді. Базаралы Мүптекеевтің монографияларының, ноталық жинағының және компакт-дискісінің басылымдар жинағы ұйымдастырушы комитетке табысталды.
Мұндай ғылыми кездесулер болашақ зерттеулердің әдістемесіндегі бағыттар мен шешуші ағымдарды айқындайды. Кез келген ғылыми жобаның негізінде мәліметтер жатады. Дәстүрлі музыка туралы ақпарат – бұл дыбыстық-, бейнежазбаларда немесе ноталарда тіркелген фольклор мен кәсіби дәстүрлі шығармалардың үлгілері, сондай-ақ дәстүрлердің, өмір сүру түрлері мен әдістерінің тасымалдаушылары туралы мәліметтер. Соңғы онжылдықта саналуан архивтер мен жинақтардың рөлі қайта ой елегінен өткізілді. Ноталық және дыбыстық жазбалар өткен музыкалық дәстүрлерді көрсетіп қана қоймайды, сонымен қатар осы заманғы көркемдік практикаға да белсенді түрде еніп кетеді: музыканттар шығармашылық ой елегінен өткізу үшін, шеберлікті жас ұрпаққа беру үшін, жоғалған жанрларды қайта жаңғырту мен қолданыста барын трансформациялау үшін пайдаланады. Музыкалық архивтің көптеген міндеттерінің бірі – тек осыған дейін жиналған жиынтықты сақтау ғана емес. Осы заманғы ғылыми ұйымдар тірі мұраны жинау мен зерттеуге, қазір әрекет етіп жүрген музыканттарды жазуға, дәстүрлерді тасымалдаушылармен – музыканттармен және қоғамдастықтармен өзара әрекет етуге ұмтылады. Жұмыстың маңызды бөлігі жиынтықтарды осы заманғы форматтарға көшіру және ашық қолжетімді кеңістікте жариялау еді. Мұндай мәліметтер мен метамәліметтер базасы іс жүзінде әрбір елде құрылған. Олар тарихи жазба, оның орындаушысы жөнінде барлығын білуге, сондай-ақ оны дәстүрлі музыканттардың осы заманғы репертуарымен байланыстыруға мүмкіндік береді. Оның жарқын мысалы – 2014 жылы ашылған латвиялық фольклордың Бұқаралық сандық архиві. Оның жұмысы туралы Ева Вивер (Латвия): http://garamantas.lv/en баяндаған болатын.
Баяндамалардың басым бөлігі архивтердің түрлі бағыттағы музыканттармен өзара әрекеттестігіне арналған. Бұл саладағы қызықты жобалардың мысалдары: RESONATIONS Британ кітапханасындағы артистерге арналған резиденция (Андреа Зарза Канова, Ұлыбритания); грекиядан шыққан мандолиншілердің тарихи жазбалары жөніндегі ақпараттарды іздеу (Элина және Мария Маркатату, Нидерланды); WOURAGATE – Кариб аралдарын мекендейтін гарифун халқының мәдени құндылықтарын қайтару жөніндегі жоба мен фильм (Жорди Терцеро, Франция).
Симпозиумда талқыланған әдістемелік проблемалар практикалық та, теориялық та сипатта өрбіді. Дереккөздермен жұмыс практикасының маңызды бөлігі метамәліметтер болып саналады. Осы заманғы сандық формат дереккөздер жөніндегі метамәліметтерді, сондай-ақ осы мәліметтердің өзара байланысын ұсынудың саналуан мүмкіндіктерін ұсынады. Бұл бағыттағы шешуші ағым әртүрлі музыкалық жиынтықтардың бөлінген репозитарилер технологиясы және байланысты мәліметтер арқылы бірігуі болып табылады (distributed repositories and linked data). Мысалы, бұрын, дәстүрлі музыканың ұлттық архивін құру үшін, ақпаратты тасымалдаушыларды (жазбалар мен ноталарды) бір жерге қолмен текшелеп қою керек болатын. Он жыл ғана бұрын мұндай ортақ архивтерге сандандырылған ақпараттарды бір серверде сақтайтын, бірыңғай портал құру қажет болатын. Метамәліметтерді осы заманғы ұсыну бір онлайн-платформада, бұған дейін көптеген архивтер мен музейлерде жинақталған орасан көлемдегі ақпараттарды жинауға және әртүрлі архивтердегі мәліметтерді өзара байланыстыруға мүмкіндік береді. Бұл салыстырмалы зерттеулерді елеулі түрде жеңілдетеді, сандық мәліметтерді сақтаудағы қосымша қауіпсіздікті қамтамасыз етеді, зерттеушілердің ынтымақтастығын жаңа деңгейге көтереді. Алекс Хоффманның (Австрия), Анда Бейтанның (Латвия), Чонг Пек Линнің (Малайзия) және Адриан Ахмедадж (Австрия - Албания) қатысқан дөңгелек үстел байланыстырылған мәліметтердің осындай жобасына арналған болатын.
ТЮРКСОЙ-дың экс-төрағасы Дүйсен Қасейінов ұсынған түркі әлемінің ортақ музыкалық архивін құру бастамасына бөлек мәжіліс арналды. Бұл бағыттағы жұмысты зерттеушілер Абдулла Акат (Түркия), Фатима Нұрлыбаева (Қазақстан) және Роза Амановалар (Қырғызстан) талқылады.
Симпозиумдағы өтпелі тақырыптардың бірі адамзаттың музыкалық жиынтықтарды қалыптастыру мен пайдаланудың мүмкіндіктерін елеулі түрде кеңейтетін, әрі сонымен қатар, бірқатар сын-қатерлерді де: ақпараттарды орталықсыздандырушылықты, сараптамалық білім шекарасының жойылуын, ақпараттық тасқынды алға тосатын, виртуалды ақпараттық ортаға өтуін талқылау болды. Бұл бағыттағы әдістемелік анықтауыш рөлін белгілі аргентиналық музыкатанушы және антрополог Мигель А. Гарсианың баяндамасы атқарды. Мұндай кездесулердің мәні, бәрінен бұрын, тәжірибе алмасумен айқындалады. Еуропаның, Оңтүстік-шығыс Азияның, Латын Америкасының, Африканың шетелдік музыкалық архивтерінің тәжірибелері Қазақстанмен салыстырғанда біздің елеулі дәрежеде артта қалып қойғандығымызды көрсетеді. Архивтердің бірігуі мен өзара әрекеттестіктерінің осы заманғы технологияларын қазіргі таңда халықаралық командалар тарапынан жүзеге асырылады, өйткені, көптеген музыкалық архивтер сандандыру мен интернеттегі жарияланымдар үдерісін бұдан 20-30 жыл бұрын бастап кеткен. Осы заманғы жағдайларда бізде халықаралық архивтік жобаларға қосылу үшін материалдық-сандық база жоқ, өйткені, ұлттық музыкалық архивіміз ғылыми институт және құрал ретінде құрылмаған. Шетелдердің озық тәжірибелеріне арқа сүйей отырып, бізге қазақ музыкасының ұлттық архивін құру, артистер мен педагогтардың жұмыстарында тарихи дереккөздерді пайдаланып үйрену, қазіргі таңдағы қолданыстағы дәстүрлердің тасымалдаушыларына сақтау мен түсіндіріп таратуды талап ететін құнды дереккөздер ретінде қарап үйрену қажет.
Симпозиум озық ғылыми тенденциялармен танысуға және жетекші ғылыми ұйымдардың өкілдерімен көптеген достық қарым-қатынастар орнатуға, ынтымақтастықтың ықтимал бағыттарын белгілеуге мүмкіндік берді. Симпозиумды ұйымдастырушыларға қатысуға шақырғаны және материалдық қолдау көрсеткені үшін Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының ректоры Арман Жүдебаевқа ерекше ризашылығымды айтқым келеді!
Валерия Недлина,
Музыкатану және композиция кафедрасының доценті