Menu HELPDESK

Белгілі музыкант, дипломат және консерваторияның бұрынғы ректоры Дүйсен Касейінов қонақта болды


Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясында белгілі музыкант, дипломат және  консерваторияның бұрынғы ректоры Дүйсен Касейінов қонақта болды.

Дүйсен Қасейінов - өнердің қара шаңырағы - консерваториямыздың алғашқы аспапшы-ректоры ретінде экономикалық қиын кезеңдерде оқу орнымыздың базасын сақтап қалуда аянбай тер төккен тұлға. Оның табандылығының арқасында дәстүрлі өнеріміз қайта түледі десек артық болмас: «Халық әні», «Концерт және театрлық қызметті ұйымдастыру мен жоспарлау» кафедралары, «Жетіген» мамандығы ашылып, фольклор кабинеті мен «Қазақ музыкасы және фольклор тарихы» кафедрасы жаңғыртылды. Дүйсен ағаның сыбызғы бойынша кәсіби орындаушылық мектебін дамытудағы және домбырашыларды оқытуда этнопедагогиканы енгізудегі үлесі университет тарихындағы маңызды сәттер болып табылады.

Кездесу барысында Дүйсен аға Гаухар Тасбергенованы ректорлық қызметке тағайындалуымен құттықтап, оның әкесі, белгілі күйші-виртуоз Кошқарбек Тасбергеновпен достықтары мен бірге шыққан гастрольдік сапарларын еске алды. Досының қызы ректорлық қызметке келгенін күткені туралы жеткізіп, қуанышты жаңалықты  музыкалық династияның жалғасы деп атады және консерваторияның дамуы үшін сабақтастықтың маңыздылығы туралы айтты. Осы орайда Мағжан Жұмабаевтың «Мен жастарға сенемін» өлеңін мақтаныш сезіммен оқып, өскелең ұрпақтың жарқын болашағына сенетінін білдірді. 

Оқу орнымыздың мерейтойы қарсаңында өткен бұл кездесу - ұрпақтар сабақтастығының символы десек болады. Өйткені осындай құрметті қонақтарды қарсы алу - қалыптасқан дәстүрлеріміздің маңыздылығын көрсетіп,  музыкалық мәдениетімізді байытатыны сөзсіз.
Альбомдарға оралу