Menu HELPDESK

«Дебют» Студенттік театрына 5 жыл


«Дебют» студенттік театры 2014 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан студенттік үйірме базасында әлеуметтік-гуманитарлық пәндер кафедрасының доценті, тарих ғылымдарының кандидаты Тоқтағұл Айдос пен кеңесші - аталмыш кафедраның доценті, филология ғылымдарының кандидаты Шолпан Алтайбаеваның бастамасымен 2018 жылы құрылды.

Кафедра меңгерушісі, философия ғылымдарының докторы, профессор Әлима Ғафуқызы Қайырбекова А.Тоқтағұл өткізген Қазақстан тарихы бойынша ашық сабаққа қатысып, жоғары бағалай келе Студенттік театрды құру идеясын көтерген еді. Аталмыш ашық сабақ барысында студенттер алғаш рет дәріс тыңдаушылар ретінде емес, танымал тарихи тұлғалардың рөлдерін орындаған актерлер ретінде өнер көрсетіп, осындай идеяның туындауына себепкер болған-ды.

Театр құрылымы өз қойылымдарында өзектi тақырыптар мен тарихи оқиғаларға үн қата отырып, қазiргi заманғы драматургия жанрларын пайдалануға ұмтылады. Ұжым Қазақстан тарихындағы маңызды кезеңдерге және ұлы мемлекеттік қайраткерлер мен отандық және әлемдік мәдениеттің көрнекті өкілдерінің мерейтойлық даталарына байланысты бірқатар қойылымдарды сахналады. Атап айтсақ, Қазақ хандығының 550 жылдығына (2015 ж.), Тәуелсіздіктің 30 жылдығына (2016 ж.), "Алаш" партиясының құрылғанына 100 жыл толуына (2017), Әміре Қашаубаевты еске алуға орай (2017 ж.), Константин Паустовскийдің 125 жылдығына және Эдвард Григтің 175 жылдығына (2018 ж.), Ермұхан Бекмахановты (2019 ж.), және Күләш Байсейітованы еске алуға орай (2019 ж.) туындыларды жарыққа шығарды.

2020 жыл өнер ұжымы үшін жемісті жыл болды деп айтуға негіз бар. Осы жылы театр жетекшісі және кеңесшісімен қатар, ӘГП кафедрасының оқытушысы, кәсіби хореограф Қаршыға Дандагариевтың еселі еңбектерінің арқасында «Нотр-Дам де Пари» мюзиклінің қойылымы көрерменге жол тартты. Спектакль көрермендермен қатар, Қазақстандағы Франция Елшілігінің білім беру саласындағы ынтымақтастық жөніндегі өңірлік атташесі Г-н Ксавье де Торривеллектің де жоғары бағасына ие болды. Нәтижесінде спектакльдің барлық қатысушыларына, француз тілінде партия орындаған вокалдық бөлімнің студенттеріне, би қойған театр жетекшісі мен кеңесшісіне, хореографқа Консерватория ректорының Алғыс хаттары табыс етілді.

Сол жылы қазақ музыка өнерінің негізін қалаушылардың бірі Ахмет Жұбановтың туғанына 125 жыл толуына орай көрнекті тұлғаның атындағы еліміздің көне оқу орындарының бірі саналатын музыкалық мектеп-интернатында Құрманғазы атындағы ҚҰК оқытушылары мен студенттерінің ұйымдастыруымен әдеби-музыкалық кеш өткізілді. Ал, 2022-2023 жылдар аралығында театр ұжымы Сұлтан Бейбарыс және Мағжан Жұмабаевқа арналған қойылымдарды сахналап, көрермендерін қуантты.

Түрлі спектакльдерді сахналауға ӘГП кафедрасына қарасты тілдер секциясының жетекшісі Г. Сүлеева мен секция оқытушылары Г. Атембаева, А. Есетова өз көмектерін көрсетті.

Көрерменнің көзайымына айналған театр құрылған сәтінен бастап бүгінгі таңға дейін түрлі деңгейдегі мәдени іс-шараларға белсене атсалысып келеді. 2019 жылы Астана қаласында өткен студенттік театрлардың республикалық фестивалінде «Дебют» студенттік театры бас жүлдеге ие болса, 2023 жылы Абай атындағы ҚазҰПУ-ның 95 жылдығына орай өткізілген байқаудың финалисі атанды.

Жыл сайын театр құрамы жоғары курс қатысушыларының консерваторияны бітіруіне байланысты жаңа оқу жылы бастала бірінші курс студенттерімен толығып, өзгеріп отырады.

Әр жылдары Ж.Ысқақов, Р.Қартқожақов, И.Хамзаев, Г.Макар, М.Бейсен, Р.Жеткірбай, Т.Нұрахметов, А.Райбекова, С.Сұлтанбек, А.Тоқтаған, Д.Райыс, Н.Нәсіпов, А.Сатыбаева, А.Аленов, А.Сайлаубай және басқа да консерватория студенттері мен түлектері «Дебют» театрының белсенді қатысушылары болды. Студенттер қойылымдарға әрдайым ерекше ықыласпен атсалысады. Өйткені бұл олардың шығармашылық тұлға ретінде ішкі сұраныстарына жауап беретінін көрсетеді десек, артық айтпаған болар едік. Көрермендер алдында сомдаған рөліне барынша ену арқылы олар болашақ әртістердің сахнадағы алғашқы қадамдарын сезіну мүмкіндігіне ие болатындығы шындық.

«Дебют» Студенттік театры студенттерді рухани-адамгершілік құндылықтармен сусындатып қана қоймай, студенттердің шығармашылық қабілеттерін дамытуға зор ықпал етіп келеді. Театр басшылары мұндай студенттік театрлардың музыкалық оқу орындарындағы, оның ішінде шығармашылық жоғары оқу орындарындағы қызметін кәсіби өнер иесін қалыптастырудағы қажетті педагогикалық шарттардың бірі екендігін терең ұғынып, осы жолда еселі еңбек үлгісін көрсетуде.

Құрманғазы атындағы ҚҰК 

Әлеуметтік-гуманитарлық пәндер кафедрасының доценті, 

тарих ғылымдарының кандидаты

Тоқтағұл АЙДОС

22.jpg






Альбомдарға оралу