Menu HELPDESK

"Ер есімі ел есінде" атты кураторлық сағат өтті



2023 жылдың 10 мамырында Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының Е.Рахмадиев атындағы үлкен концерт залында "Ер есімі ел есінде" атты кураторлық сағат өтті. Бұл жолы кураторлық сағат ауған соғысының ардагерлерімен сыр-сұхбат форматында өтті. 

Жиынды консерваторияның тәрбие және әлеуметтік жұмыстар жөніндегі проректоры Мұхамбет Ашхатұлы бастап, сыйлы қонақтарды таныстырды. Олар: Ауғанстан соғысының ардагерлері мен мүгедектерінің Алматы қаласындағы «Жауынгер» қоғамдық бірлестігінің төрағасы, «Айбын» орденінің иегері, Дәркенбаев Байдаулет Құрманқожаұлы, зейнеткер, запастағы полиция майоры Кенжебаев Марат Өсербайұлы, запастағы майор Құнанбай Жұмат.

Ардагерлер соғыс кезіндегі жау қолында, өлім аузынан аман қалған түрлі оқиғаларын, қызық әрі қиын сәттерін еске түсірді. Талай қазақ батырлары жандарын пида етіп, ерен ерліктерімен елімізді бейбіт өмірге бастады. Батыр ата-бабаларымыз бен ағаларымыздың ерлік істері бізге қашанда батырлықтың үлгі болмақ. Сондықтан бүгінгі кездесудің маңызы зор болды. Тәуелсіз елде тұрып жатқанымызға шүкіршілік етіп, бізге осындай бақыт сыйлаған бабаларымызды, ардагерлерімізді өле-өлгенше құрметтеуіміз керек. Ата-бабаларымыз тәуелсіздік жолында не көрмеді?! Еліміздің басынан небір нәубеттер өтті. Отанға деген сүйіспеншілік – еліміздің келешегі, оның кемел ұрпағына аманат етер ең қасиетті өсиетіміз.

Ерлік пен өрліктің хас үлгісін көрсеткен батырларды мадақтау, олардың алдында бас иіп, құрмет көрсету - бүгінгі ұрпақтың борышы. Бүгінгі тыныш өміріміз, тәуелсіздігіміз қайсарлық пен өрліктің үлгісін көрсеткен батырлардың ерен еңбегі деп білеміз. Бейбіт күннің әр сәтін бағалау қажеттілігін баршамыз терең ұғынуымыз керек. «Ешкім батыр болып тумайды. Батырлық та мінез секілді өскен орта, көрген тәрбиеге байланысты қалыптасады»,- дейді, Бауыржан Момышұлы атамыз.

Елімізде тек бейбітшілік салтанат құрып, тәуелсіздігіміз тұғырлы, ел ішіндегі ынтымақ пен ұйыған татулық баянды болсын. Айбынды азаматтарымыз аман болсын.



















Альбомдарға оралу