ЭССЕ ЖАЗУ БАЙҚАУЫНЫҢ НӘТИЖЕСІ ШЫҚТЫ
2022 жылғы 1-15 қазан аралығында Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясында ұлттық мереке – Республика күніне орай «Менің арманымдағы Қазақстан» тақырыбына эссе жазу байқауы өтті. Байқаудың басты мақсаты білім алушы жастардың азаматтық сана-сезімін дамыту және жастар шығармашылығына қолдау көрсету болды. Байқауға әртүрлі мамандықтар бойынша білім алатын студенттер мен магистранттар қатысты.
Байқаудың шарты бойынша қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде жазылған шығармашылық жұмыстарды арнайы құрылған комиссия қарастырды. Байқау қорытындысын шығару барысында, комиссия жастарды ел болашағы толғандыратынын, бүгінгі күн келер күннің іргетасы болғандықтан олардың қазіргі қоғамдық өмірдің өзекті мәселелерін айқындап, шешімін табуға ұмтылатындарын байқады. Комиссия мүшелерінің пікірі бойынша, барлық жұмыстар авторлардың азаматтық ұстанымын білдіріп, өзіндік көзқарастарын көрсетеді. Дегенмен, жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар болып, суырылып алға шыққан «Дирижерлеу» мамандығының 2-курс студенті Екпін Мұхтар, «Аспаптық орындаушылық» мамандығының 3-курс студенті Тупицына Валерия және «Вокалдық өнер» мамандығының 1-курс студенті Тастанбекова Алуа. Қазақ, орыс және ағылшын тілінде жазылған бұл эсселер оқырманға ой тастайтын дәйекті пікір келтіру, терең тұжырым жасаумен қатар, эмоционалды және көркем тілімен ерекшеленеді. Өз ойларын ашық айтып, өз бағалауларын бейнелі жеткізген эссе авторлары өз армандарындағы Қазақстанның болашағы жастарда екеніне сенімді.
17 қазан күні жасалған байқаудың қорытындысы бойынша, арнайы комиссияның шешімі негізінде ең үздік деп танылған «Дирижерлеу» мамандығының 2-курс студенті Екпін Мұхтардың «Менің арманымдағы Қазақстан» тақырыбындағы жұмысы Республикалық байқауға жіберілді.