Menu HELPDESK

Форум-фестиваль өз мәресіне жетті


Алматыда «АУЭР МҰРАСЫ» форум-фестивалі аяқталды. Жобаны Dala Classic музыкалық агенттігі Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясымен және К. Байсейітова атындағы дарынды балаларға арналған Республикалық мамандандырылған музыкалық орта мектебімен бірлесе отырып жүзеге асырды. Мұхит асып келген кәсіпқой музыканттар Ұлттық консерваторияда үш күн бойы шеберлік-сыныптарын өткізді. Саша Гросчан – виолончельде, Алла Арановская – скрипкада, ал, Борис Вайнер альт аспабында және камералық ансамбльде орындаушылық шеберліктен дәрістер берді. Сонымен қатар, консерваторияның «Б» корпусындағы конференц-залда Ресейлік ағартушы-ғалым Денис Фон Мекк «Чайковский – әлем картасында», «Чайковский және Моцарт» деген тақырыптар бойынша П. Чайковский тұлғасы туралы дәрістер өткізді.

Ал, 24 қазан күні «Педагогика және оқыту мәселелерін талқылау» деген тақырыпта педагогика мен оқыту әдістемесі жөнінде дөңгелек үстел өткізіліп, сол күні кешке өткен симфониялық музыка концерті форум-фестивальдің шымылдығын жапты. Концертке Леопольд Ауэр қауымдастығының президенті, Санкт-Петербург квартетін құрушы Алла Арановская (АҚШ), халықаралық байқаулардың лауреаты, альт сыныбы бойынша қауымдастырылған профессор, Канзас штаты музыка мектебінің музыкалық өнер докторы, дирижер Борис Вайнер (АҚШ), халықаралық байқаулардың лауреаты, Миссури Батыс мемлекеттік университетінің профессоры Саша Гросчан және фон Мекк қорының жетекшісі және негізін бірге қаласушы, ағартушы, меценат, П.И. Чайковскийге табынушылар бірлестіктерінің негізін қалаушы Денис фон Мекк қатысты.

«Ауэрдің ізбасарлары» форум-фестивалі Қазақстанда өтіп жатқанымен, ол жөнінде сонау АҚШ-та да хабардар. Мұның дәлелі ретінде Канзас университеті Музыкалық мектебі мен Құрманғазы атындағы ҚҰК арасында байланыс пен қарым-қатынас орнағанына ризашылығын білдірген Канзастың аталған музыкалық мектебінің деканы әрі профессоры Роберт Уолзельден келген хатты айтуға болады.

Концерттік кеште Саша Гросчан (АҚШ) – виолончельде, Алла Арановская мен Құралай Ахметова (Қазақстан) – скрипкада, Алла Азизханова (Қазақстан) – фортепианода өнер көрсетіп, көрерменді әсем сазға бөледі. Оларға Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының студенттік симфониялық оркестрі сүйемел жасады. Бас дирижер – Ерболат Ахмедияров. Дирижер – Борис Вайнер (АҚШ).

«Ауэрдің ізбасарлары» форум-фестивалін ұйымдастырушылар тарапынан Құрманғазы атындағы ҚҰК ректоры – Арман Жүдебаевқа, К. Байсейітова атындағы дарынды балаларға арналған Республикалық арнаулы мектебінің директоры – Бақтияр Әбдірашевке, осы мектептің оқытушысы Құралай Ахметоваға, форум-фестивальдің барлық уақиғаларына қатысып, атсалысқан педагогтарға, білім алушыларға ерекше ризашылық білдірілді.












Альбомдарға оралу