Menu HELPDESK

«GATOB QUARTET» ішекті аспаптар квартетінің «DSCH/ASCH» атты концерті өтті



2023 жылдың 18 қазанында Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының Е.Рахмадиев атындағы Үлкен концерт залында Абай атындағы ҚҰОБТ-ның белгілі ұжымы «GATOB QUARTET» ішекті аспаптар квартетінің «DSCH/ASCH» атты концерті өтті.

Концертте академиялық музыка өнерінің алтын қорын толықтырып тұрған туындылардан саналатын, әрі сирек орындалатын шығармалар – Д. Шостаковичтің «Соль минор фортепианолық квинтеті, op.57» және А. Шниткенің «Фортепианолық квинтеті, op.108» орындалды. Аталмыш шығармалар – әлемдік аспаптық музыка тарихында жоғары құндылыққа ие туындылар.

Концерттің DSCH/ASCH деген атауында қос бірдей композитор Дмитрий Шостакович және Альфред Шниткенің музыкалық аты-жөні шифрланған. Композитордың аты-жөнін шифрлау дәстүрі Иоганн Себастьян Бахтан бастау алғандығы белгілі. Ол өзінің «Фуга өнері» атты шығармасын аты-жөні көрсетілген BACH деген шифрмен аяқтаған.

Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының түлектері, бүгінде Абай атындағы Қазақ Ұлттық опера және балет театры ұжымының майталман орындаушыларынан құрылған «ГАТОБ-квартетінің» мүшелері скрипкашылар Әсем Қалман, Оксана Нұршаев, виолончельші Айдар Құспанов, альтшы Нұрлан Сағымбаев және концертке шақырылған солист-пианиношы Қанат Мәлікайдар концерт шымылдығын Д.Д. Шостаковичтің фортепианолық квинтеті – бес бөліктен тұратын ор. 57 соль минорды орындаумен ашты. Өз заманында әріптес-музыканттар да, сыншылар да, музыканы сүйетін қалың жұртшылық та бұл шығарма - ұлы композитордың жауһарларының бірі екендігін мойындап, ерекше ықыласпен қабылдаған. 1957 жылы Шостакович өзге көрнекті кеңестік квартет – Бородин атындағы квартетпен бірге өзінің шығармалары орындалған фестивальде өнер көрсетіп, бес бөліктен тұратын осы квинтетпен орындаушылық қызметін пианист ретінде аяқтаған еді.

Мұнан кейін концерт қонақтарының назарына ұсынылған А. Шниткенің квинтетінде де 5 бөлік бар. Туындыда ол өзінің «Евгений Онегин» спектаклі мен «Агония» фильміне жазған музыкасының кейбір тұстарын қолданған.

Жоғарыда аталған екі бірдей туындыны «GATOB QUARTET» ішекті аспаптар квартеті жоғары деңгейде орындап, көрермен қошеметіне бөленді.






Альбомдарға оралу