Гнесиндер атындағы Ресей мемлекеттік музыка академиясының Шығармашылық мектебі Қазақ ұлттық консерваториясында
Мәскеуден келген қонақтар студенттер мен оқытушылар үшін, сонымен қатар өнер әлеміне енуге ынтыққандар үшін құнды әрі озат тәжірибе бере алатын шеберлік сағаттарын, лекциялар мен ашық іс-шараларын өткізуде.
Делегация құрамына музыка ғылымы мен орындаушылық өнердің жетекші мамандары кірген:
Александр Рыжинский – Гнесиндер атындағы Ресей мемлекеттік музыка академиясының ректоры, өнертану ғылымдарының докторы, хор дирижерлігі кафедрасының профессоры,
Дина Кирнарская – өнертану және психология ғылымдарының докторы, профессор, музыка тарихы кафедрасының меңгерушісі,
Юрий Богданов – Ресейдің еңбек сіңірген әртісі, арнайы фортепиано кафедрасының профессоры,
Екатерина Стародубровская – жеке ән айту кафедрасының профессоры.
Дәрістер «Музыкатану және композиция», «Арт-менеджмент», «Арнайы фортепиано», «Вокалдық өнер» және «Дирижирлеу» білім беру бағдарламалары бойынша оқып жатқан студенттерге арналады.
Шығармашылық мектебі 28 ақпан күні Еркеғали Рахмадиев атындағы үлкен залда қонақтар ұсынатын, консерваторияның аралас студенттік хорының қатысуымен өтетін концерттен кейін өз мәресіне жетеді.