Көңіл айту
2023 жылдың 28 қыркүйегінде Әзірбайжан Республикасы Милли Мәжілісінің депутаты, Әзірбайжан Мәдениет комитетінің төрағасы, профессор, философия докторы, қоғам және саясат қайраткері, журналист, ақын, «Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының Құрметті профессоры» атағының иегері Ганира Алескер қызы Пашаева 48 жасында дүниеден өтті.
Ганира Пашаева кәсіби мансабын 1998 жылы теледидардан бастады, ұзақ уақыт елдің жетекші медиа-құрылымдарында жұмыс істеді. 2005 жылы Гейдар Әлиев қорының баспасөз қызметін басқарды. Сол жылы алғаш рет Әзірбайжан Республикасы Милли Мәжілісінің депутаты болып сайланды. Ганира Пашаева үшінші, төртінші, бесінші және алтыншы сайланған Парламент депутаты болды.
Өзінің кәсібилігінің, отанына деген сүйіспеншілігінің және қоғамның дамуына үлес қосуға ұмтылысының арқасында тек Әзірбайжанда ғана емес, оның сыртында, атап айтқанда Түркияда да жоғары атақ пен беделге ие болды.
Ол Түркияда ұйымдастырылған түрлі іс-шараларға белсене қатысты. Сонымен қатар, ұзақ жылдар бойы Әзірбайжан - Түркия жұмыс тобының мүшесі болды. Өзінің көптеген мақалаларында «Түркияның күші - бүкіл түркі әлемінің күші» деп атап өткен.
2006 жылдан бастап Еуропа Кеңесінің Парламенттік ассамблеясында Әзірбайжан Республикасы делегациясының белсенді мүшесі, сондай-ақ, Еуропа кеңесінің «Еуропалық демократтар тобының» құрамына енді. Теңдік мәселелері жөніндегі комитеттің, Көші-қон, босқындар мәселелері комитетінің және Саяси мәселелер және демократия комитетінің мүшесі болды.
Жарқын өмір жолында бірқатар ордендер мен Ұлттық және Мемлекеттік сыйлықтарды иеленді. Шығармашылық еңбек жолында көптеген кітаптардың авторы атанды.
Өз Отанының мәдениеті мен өнерінің дамып, гүлденуі жолында еселі еңбек етті.
Үстіміздегі жылдың 14 маусымында Әзірбайжан Республикасы Милли Мәжілісінің депутаты, Әзірбайжан Мәдениет комитетінің төрағасы, профессор, философия докторы Ганира Алескер қызы Пашаева Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясына арнайы іссапармен келіп, осы кездесу барысында «Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының Құрметті профессоры» атағы салтанатты түрде табыс етілген еді.
«Құрманғазы атындағы қазақ ұлттық консерваториясы» ұжымы Әзірбайжан республикасы халқына, марқұмның жақындары мен туған-туыстарына ауыр қазаға ортақтасып көңіл айтады.