Menu HELPDESK

Камералық ансамбльдерге арналған «Саз әлемінде» шығармалар жинағының концерт-презентациясы өтті



18 қазан күні А.Жұбанов атындағы кіші залда консерватория қабырғасында орын алып жатқан шығармашылық өмірінде маңызды оқиға – камералық ансамбльдерге арналған «Саз әлемінде» шығармалар жинағының концерт-презентациясы өтті. Бұл ерекше жоба «Музыкатану және композиция», «Ансамбльдік өнер», «Үрмелі және ұрмалы аспаптар» кафедраларының бірлескен күш-жігерімен жүзеге асырылды.


Бұл жинақ – соло аспаптар мен камералық ансамбльдерге арналған шығармалар жинақтар топтамасының екінші шығарылымы. Алғашқысы үрмелі аспаптарға арналған шығармалардан құралған болса, екінші шығарылымда әртүрлі камералық ансамбль құрамына арналған туындылар: трио, квартет, квинтет және секстет шығармалары енді.


Бұл жобаның пайда болуы орындаушылардың оқу және концерттік репертуарын кеңейту қажеттілігімен туындады. Маңызды сәттердің бірі – жас музыканттарды заманауи отандық композиторлардың шығармаларымен, сондай-ақ жаңа композиция техникасы және орындаушылық әдістерімен таныстыру болып табылады. Жобаның түпкі мақсаты Б. Асафьевтің «композитор-орындаушы-тыңдаушы» триадасына негізделген, онда композитор жаңа шығарма ұсынады, орындаушы оны интерпретациялайды, ал тыңдаушы музыканы қабылдап, түсіну арқылы тұтас музыкалық үдеріс жүзеге асырылады. Аталған маңызды үдеріс осы шара барысында орын алды.


Концертте зал лық толды, құрметті қонақтардың қатарында композитор Еркен Ынтықбаев және К. Байсейітова атындағы дарынды балаларға арналған республикалық мамандандырылған музыка орта мектеп-интернатының директоры Бахтияр Абдрашев қатысты. Шығармашылық ұжымдар көрермендердің шынайы қошеметтеріне бөленген алуан түрлі композицияларды ұсынды.


Жоба музыканттар мен тыңдаушылар арасында сұраныс пен қызығушылыққа ие болып, Қазақстанның заманауи музыкалық өнерін қолдау және жаңа буын композиторлар мен орындаушыларды тәрбиелеу сияқты маңызды миссияға назар аудартады.

   

    
Альбомдарға оралу