Menu HELPDESK

Казақ ұлттық консерваториясының Курманғазы атындағы студенттік симфониялық оркестрі Жасөспірімдер симфониялық оркестрлерінің ІІ халықаралық фестивалінде табысты өнер көрсетті



2024 жылдың 16-18 тамыз аралығында Мәскеуде Жасөспірімдер симфониялық оркестрлерінің ІІ әлемдік фестивалі болып өтті.
 Ауқымды іс-шараны маэстро Юрий Башмет пен Ресейдің жасөспірімдер симфониялық оркестрі ұйымдастырды. Фестиваль Мәскеудің «Зарядье» саябағындағы «Мәдени қала» өнер фестивалі алаңында болды.  Фестиваль  әлемнің түкпір түкпірінен келген музыкант жастардың, жас өнерпаздардың, жалпы 18 оркестрдің басын қосты. 

Фестивальдің ерекшелігі – өнер мен технологиялардың үйлесімін көрсететін концепциясында деуге болады. Бұл ДНҚ спиралы мен өнерге деген құштарлықты бейнелейтін үлкен қолмен безендірілген сахнада көрініс тапты. Осылай безендірудің негізінде классикалық өнер мен заманауи технологиялардың үйлесімді бірігу идеясы жатыр.

Қазақ ұлттық консерваториясының Курманғазы атындағы студенттік симфониялық оркестрінің бағдарламасы Дастан Ибрагимов пен Нарын Қажғалидың жетекшілігімен өте қызықты да әсерлі болды. Түрлі бағдарламаның ішінде ұлттық репертуарға ерекше көңіл бөлгеніміз бізді басқа қатысушылар арасынан ерекшелендіріп көрсетті. Фестивальдің музыкалық палитрасына қосқан үлесімізді сезінген ресейлік БАҚ өкілдері өнерімізді өте жоғары бағалады.
Сонымен қатар, сегіз студентіміз ТМД елдерінің жасөспірімдер симфониялық оркестрі құрамына кіріп, Юрий Башметтің жетекшілігімен Моцарттың шығармаларын, оның ішінде «Фигароның үйленуі» операсының увертюрасын мен №40 симфониясын орындады.

Фестиваль жас музыканттар үшін маңызды платформа болып, халықаралық байланыстарды нығайтып, студенттеріміздің орындаушылық шеберлігінің жоғары деңгейде екенін көрсетті. Оркестріміздің шығармашылық жолындағы жетістіктерімен мақтанып, болашақта бағындыратын белестері әлі алда деген сенімдеміз!

Фотосуреттерді "Территория будущего" форум-фестивалінің баспасөз орталығы ұсынды. Мәскеу 2030" "Зарядье"

     

    

    

    
Альбомдарға оралу