Халық қалаулылары консерваторияда қонақта
Бүгін, 2022 жылғы тамыздың 22 күні Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының ұжымы Мәжіліс депутаты Елнұр Сабыржанұлы Бейсенбаевпен және Алматы қалалық мәслихатының депутаты Алмат Тұрысбекұлы Қодасбаевпен кездесті.
Жүздесу барысында Мәжіліс депутаты елдегі әлеуметтік-экономикалық ахуалға тоқталып, жиналған қауымды өз тарапынан Үкіметке жасаған ұсыныстарынан хабардар етті. Содан кейінгі әңгіме сұрақ-жауап түрінде өрбіп, консерватория ұжымы көкейлерінде жүрген, түйткілді мәселелерін ортаға салып, «жоғары билікке жеткізілсе» деген сұрақтары мен өтініштерін халық қалаулысының назарына ұсынды. Депутат өз кезегінде айтылған әрбір мәселені түртіп алып, құзырлы орындарға жеткізуге барынша күш салатынын айтты. Сонымен қатар, қазіргі таңдағы еліміздегі қалыптасып отырған әлеуметтік-экономикалық ахуалды ескеріп, сөз етілген мәселелердің әп-сәтте шешіле қалмайтынын ескертіп, сабырлы болуға шақырды.