«Халық әні» аталымы бойынша жеңімпаздар анықталды
21 сәуірде дәстүрлі өнердің қарашаңырағында жоғары оқу орындарының студенттері арасында дәстүрлі музыкалық өнер бағыты «Халық әні» аталымы бойынша XIV Республикалық пәндік студенттік олимпиадасы өз мәресіне жетті.
Олимпиаданың мақсаты – жан-жақты дамыған кәсіби музыкантты қалыптастыру, музыкалық және орындаушылық қабілеттерді дамыту, сонымен қатар отандық музыкалық мәдениеттің және еліміздің орындаушылық өнерінің үздік дәстүрлерін сақтау.
Дүбірлі додаға халық әні және жыршы дәстүрлі музыка өнері мамандықтары бойынша оқитын шығармашылық ЖОО, университеттердің музыкалық факультеттерінің студенттері қатысты.
«Халық әні» аталымы бойынша:
1-орынды қанжығасына байлаған Айдос Саниязбекұлы (ұстазы Еркін Шүкіманов).
2-орынды қоржындағандар: Жуасбек Нұрдаулет (ұстазы Рамазан Стамғазы) пен Айтуған Нұрәлі (ұстазы Армат Исламғалиев),
3-орынға ие болған қатысушылар: Жайна Барахатова (ұстазы Сәуле Жанпейісова), Аида Темірбекова (ұстазы Эльза Қарабалина) және
Амина Гайнединова (ұстазы Армат Исламғалиев).
«Жыр» аталымының жүлдегерлері:
1-орын: Аружан Ерімова (ұстазы Армат Исламғалиев);
2-орын: Жанар Қорғанова (ұстазы Эльза Қарабалина);
3-орын: Арайлым Сандешева (ұстазы Сәуле Жанпейісова).
«Халық әні» аталымы бойынша олимпиадаға «Халық әні» кафедрасының доценті, Қазақстанның еңбек сіңірген артисі Рамазан Стамғазы төрелік етті. Ал комиссия мүшелерінің құрамында Сәуле Жанпейісова, Ардақ Исатаева, Тілеулес Құрманғалиев болды.
Ал «Жыр» аталымы бойынша төрайым «Халық әні» кафедрасының аға оқытушысы, ҚР еңбек сіңірген қайраткері Ұлжан Байбосынова болды. Комиссия мүшелеріне Сәуле Жанпейісова, Рамазан Стамғазы, Ардақ Исатаева кірді.
Жалпы республикалық дода жас өнерпаздардың бағын сынап, үздіктердің үздігін анықтады. Жеңімпаздар және олардың ұстаздарына құтты болсын айтып, шығармашылық табыстар тілейміз!