Композитор, педагог Бахтияр Аманжолды еске алу кеші өтті
28 сәуір күні Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының Ф.Шопен атындағы камералық залында Бахтияр Тұтқабайұлы Аманжолды еске алу кеші өтті. Жиынға П. Чайковский атындағы Алматы музыкалық колледжіндегі және Құрманғазы ат. Қазақ ұлттық консерваториясындағы әріптестері, шәкірттері, оқушылары және достары келіп, Бахтияр Тұтқабайұлы жайлы жарқын естеліктерімен бөлісіп, кеш бағдарламасы бойынша ұйымдастырылған концертті тамашалап қайтты.
Айта кетейік, Құрманғазы ат. Қазақ ұлттық консерваториясы, Композиция және музыкатану кафедрасының профессоры, тамаша педагог, Қазақстанның музыка мәдениетінің көрнекті қайраткері Бахтияр Тұтқабайұлы өткен жылы тамыз айында өмірден озған еді.
Бахтияр Тұтқабайұлы Аманжолов П. Чайковский атындағы Мәскеу консерваториясының композиторлық сыныбын тамамдаған. 1991 жылдан бері Қазақстан композиторлар одағының мүшесі болған. Оның шығармашылығы симфониялық күй, концерт, сюита, соната, прелюдия және фуга, пьеса, вокалдық цикл сияқты түрлі жанрлық бағыттарды қамтыды. Композитор оркестрге, әртүрлі санаттағы ансамбльдерге, фортепианоға, домбыраға, қобызға, ұрмалы, үрмелі және ішекті аспаптарға және жеке дауысқа, хорға арналған тағы да басқа көптеген туындыларды дүниеге әкелді. Ол А.Құнанбайұлы, О.Сүлейменов, М.Жұмабаев, Е.Жапақ сынды қазақ ақындарының және Омар Хайям, Гарсиа Лорка сияқты шетелдік авторлардың өлеңдеріне музыка жазды. Сонымен қатар ол бірталай оқу-әдістемелік құралдар мен ғылыми мақалалардың авторы. Бахтияр Тұтқабайұлы Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясында қырық жылдан аса еңбек етіп, көптеген шәкірттерді тәрбиелеп шығарды. Ол Алматы қаласындағы П. Чайковский атындағы музыкалық колледж бен А. Жұбанов және К. Байсейітова атындағы мамандандырылған музыка мектептерінде де дәріс беріп, жас музыканттарды кәсіби музыкаға баулыды. Бахтияр Тұтқабайұлы Аманжолов еліміздегі кәсіби музыка саласының дамуына елеулі үлес қосқан білікті маман, тәжірибелі педагог, ұлттық құндылықтарды қастерлей білген халқының ардақты перзенті еді.