Menu HELPDESK

Консерваторияда халықаралық дөңгелек үстел өтті


2022 жылдың 7 сәуірінде Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының мәжіліс залында өнертану докторы, профессор Болат Ишанбайұлы Қарақұловтың 80 жылдығына арналған «Профессор Б. И. Қарақұловтың еңбектері және қазіргі музыка ғылымының өзекті мәселелері» атты Халықаралық Дөңгелек үстел өтті.

Б.И. Қарақұлов (1942-2014) – белгілі ғалым, қазақтың дәстүрлі музыкасын зерттеген көрнекті маман, отандық этномузыкологияның дамуына елеулі үлес қосқан тұлға. Қазіргі кезеңдегі музыкалық түркологияның дамуы, «Түркі халықтарының музыкасы» атты I Халықаралық симпозиумның ұйымдастырылуы Б.Қарақұлов есімімен тығыз байланысты.

Халықаралық жиын Құрманғазы атындағы ҚҰК Ғылыми-шығармашылық және халықаралық ынтымақтастық жұмыстар жөніндегі проректоры Бегембетова Ғалия Зайнақұлқызының құттықтау сөзімен ашылды. Дөңгелек үстелді «Музыкатану және композиция» кафедрасының доценті, PhD докторы Бердібай Айжан Рахманқұлқызы жүргізді. Жиынға қатысушыларға арнап «Халық әні» кафедрасының оқытушысы Күнқожа Қайрулла Наурызбек жыраудың «Домбырамды қолға алып» термесін, ал өнертану ғылымдарының магистрі, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық оркестрінің артисі Азамат Шынаров Түркештің «Байжұма» күйін орындады. Сондай-ақ, Б. И. Қарақұловтың «Музыкальная симметрология» («Музыкалық симметрология») монографиясының 2-томы және Ш. Г. Гуллыевтың «Музыка тюркских народов» («Түркі халықтары музыкасы») монографиясының таныстырылымы жасалды. Өнертану кандидаты, «Музыкатану және композиция» кафедрасының доценті, «Музыкалық симметрология» монографиясының жауапты редакторы Қожабеков Ілияс Кенебайұлы және өнертану докторы, «Музыкатану және композиция» кафедрасының профессоры Өтеғалиева Сәуле Ысқаққызы аталмыш еңбектер туралы өз пікірлерін ортаға салып, келелі жиынның жұмысына жоғары бағаларын берді.








Альбомдарға оралу