Консерваторияға Мәдениет және спорт министрі Дәурен Абаев ат басын бұрды
28 қаңтар 2022
Бүгін ҚР Мәдениет және спорт министрі Абаев Дәурен Әскербекұлы Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясына ат басын бұрып, білім ордасының жұмыс барысымен танысты.
Ректор бастаған консерватория проректорлары мен белді ұстаздары министр Дәурен Абаев пен вице-министр Нұрғиса Дәуешевті күтіп алып, оқу орнының жұмысымен таныстырды. Министр күрделі жөндеуден өткен консерватория ғимараттарының, яғни А мен Б корпустары және концерттік залымыздың жағдайын көріп жоғары бағалады.
Консерватория ректоры Арман Әділханұлы жаңа министрге өнер-білім ордасының өткені мен бүгінінен хабар беріп, болашаққа арналған жоспарлар жайымен бөлісті. Кездесуге қатысқан консерватория қызметкерлері еліміздегі кәсіби музыканың өркендеуіне қатысты өз сауалдары мен өтініштерін жеткізді. Ведомство басшысы жалпы оқу ордасының жұмысына оң бағасын беріп, өтініштер-тілектердің өз шешімін табатындығына сенім білдірді.
Айта кетейік, кеше Алматы қаласына арнайы келген Мәдениет және спорт министрі Дәурен Әскербекұлы аталмыш ведомствоға бағынышты бірқатар мекемелерді аралап, шаһардағы спорт нысандарының жұмысымен танысқан еді.
Қабылдау 2024