Консерватория «Халық әні» кафедрасының 35 жылдығын кеңінен атап өтті
Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясы Халық музыкасы факультетіне қарасты «Халық әні» кафедрасының 35 жылдығын кеңінен атап өтті. Мерейтой аясында көптеген іс-шаралар атқарылды.
Халық әні кафедрасы «Шалқар» радиосымен бірлесіп, «Ән-Аманат» бағдарламасын ашты. Бағдарламаға Р.Стамғазы, С.Жанпейісова, Е.Шүкіман, А.Қосанова, Ұ.Байбосынова, А.Исатаева, А.Исламғалиев, Т.Құрманғалиев, Б.Бәбіжан, А.Күзеубай, Т.Әбуғазы, К.Қайрулла сынды кафедраның ұстаздары ән-жыр өнері мен өз шығармашылықтары жайында сұқбат берді, Хабар әр аптаның бейсенбі күнінде тікелей эфирден 2 сағат көлемінде жүргізілді. Жүргізуші редакторлары – Б.Жағыпарұлы және өнертанушы, әнші Қазақстанның Мәдениет саласының үздігі, доцент А.Күзеубай.
Сонымен қатар 2022 жылдың 18 қарашасында «Халық әні» кафедрасының меңгерушісі, доцент, PhD докторы, ҚР Мәдениет саласының үздігі Амангелді Күзеубайдың «Сал-серілер ізімен...» атты класс-концерті, 23 қараша ҚР еңбек сіңірген қайраткері, доцент Ардақ Исатаеваның «Інжу-маржан» атты класс-концерті, 25 қараша Қазақстанның еңбек сіңірген артисі, профессор Рамазан Стамғазының «Шалқы көкке сұлу ән» атты шығармашылық ән кеші, 1 желтоқсан, 2022 ж. Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, доцент Сәуле Жанпейісованың «Менің сәйгүліктерім...» атты шығармашылық ән кеші, сондай-ақ Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, доцент Еркін Шүкіманның «Абайдың музыкалық мұрасы» және Мәдениет саласының үздігі Армат Исламғалиевтің «Батыс Қазақстан ән дәстүріндегі домбыра қостау, қағыс ерекшеліктері» атты шеберік сабақтары, 2 желтоқсан күні «ХХІ ғасырдағы түркі халықтарының ұлттық орындаушылық өнері: зерттеу және білім беру мәселесі» Халықаралық ғылыми-практикалық конференциясы мен Халық әні кафедрасы ұстаздарының «Ғасырлар үні» атты дәстүрлі ән кеші, 3 желтоқсан Қазақ ұлттық өнер университетінің профессорлары, Қазақстанның халық артисі, Мемлекеттік сыйлықтың иегері әнші Қайрат Байбосынов және Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, жырау Алмас Алматовпен кездесу өтті.
Онлайн конференцияға өнертану докторы Елеманова Саида, Өзбекстан Республикасы Ғылым Академиясының Өнертану институтының докторанты Каромат Дилором, Ю.Раджаби атындағы Өзбек ұлттық музыка өнер институтының «Өзбек макомының тарихы мен теориясы» кафедрасынан Бердиханова Шахида және Улашева Мамлакат, Түркия Мимар Синан көркем өнер университетінің профессоры Әбдіуақап Қара, филология ғылымдарының кандидаты, жыршы Жүсіпов Берік, өнертану кандидаты Айгүл Байбек, ҚР еңбек сіңірген қайраткері Шүкіманов Еркін сынды қонақтар баяндама жасады.
Шеберлік сабақтар бағдарламасы барысында Манас атындағы Қырғыз-Түрік университетінің оқытушысы Ирфан Гюрдал (Түркия) «Түркі әлемінің екі ішекті садақ аспаптары», Б.Бейшеналиев атындағы мәдениет және өнер Қырғыз мемлекеттік университетінің аға оқытушысы Мейрамгул Карипова (Қырғызстан) «Қырғыз әндерін орындау ерекшелігі», ҚР Халық артисі, Мемлекеттік сыйлықтың иегері, профессор Қайрат Әукенұлы Байбосынов «Арқа аймағының әншілік өнері» және ҚР еңбек сіңірген қайраткері, профессор Алмас Нұрмаханұлы Алматовтың «Сыр аймағының жыраулық дәстүрі» тақырыптары бойынша шеберлік сабақтар өткізді.